2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз маслихатында Қазақстан Республикасының Алматы облысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Бағлан Каргулов мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы санағы Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі тапсырмасы және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысы негізінде өткізіледі. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы елімізде кемінде он жылда бір рет ұйымдастырылады. Соңғы рет ауқымды шара 2006–2007 жылдары жүзеге асқан болатын.
Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саланың нақты жағдайын кешенді бағалауға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер туралы толыққанды деректер жинауға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды статистикалық науқан. Санақ нәтижесінде саладағы әрбір субъектінің әлеуеті мен рөлі туралы толық әрі объективті ақпарат алынады, — деді Бағлан Каргулов.
Санаққа ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын барлық субъектілер тартылады:
• шаруа және фермер қожалықтары;
• ауыл шаруашылығы кәсіпорындары;
• жеке қосалқы шаруашылықтар.
Санақ объектілері ретінде жер және егіс алқаптары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстары, техника мен жабдықтар, мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, өнім сақтау құрылыстары тіркеледі.
Бағлан Каргуловтың айтуынша, мәліметтерді жинау екі әдіспен жүргізіледі:
1. Онлайн толтыру: 2025 жылғы 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz веб-платформасында респонденттер сауалнамаларды өздері толтыра алады.
2. Жеке сұхбат: 2025 жылғы 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер планшет арқылы санақ парақтарын толтырады.
— 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағы алғаш рет толықтай цифрлық форматта өтеді. Планшеттік құрылғылар мен арнайы мобильді қосымшалар деректерді жинау, өңдеу және жіберу процесін автоматтандырады Санақтан өткен респонденттерге SMS-хабарлама немесе электрондық пошта арқылы қатысқаны жөнінде растау жолданады. Интервьюерлер арқылы қатысқан азаматтарға арнайы анықтамалар беріледі, — деп атап өтті Бағлан Каргулов.
Айта кетейік, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп бекітілген медиа-жоспар туралы да айтылды. Жоспарға БАҚ-та ақпарат жариялау, үгіттік бейнематериалдар әзірлеу, плакаттар орналастыру, телеарналарда түсіндіру жұмыстары жүргізу секілді шаралар кіреді.