
Шетелде білімін жетілдірген дәрігерлерден құралған мобильді топ Алматы облысының төрт ауданында мамандандырылған көмек көрсетті
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен шетелде тәжірибеден өткен жоғары білікті дәрігерлерден құралған мобильді топ Жамбыл, Қарасай, Іле және Талғар аудандарында халықты қабылдап, мамандандырылған медициналық көмек көрсетті. Қысқа уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Барлығы 725 науқас тексеруден өтті.Әртүрлі күрделіліктегі 18 ота жасалды.Анықталған аурулар бойынша қажетті кеңестер беріліп, диспансерлік бақылауға алу жұмыстары жүргізілді.
Мобильді топ аудандық ауруханалардың дәрігерлеріне анестезия, жаңа туған нәрестелерді реанимациялау, акушерлік-гинекологиялық қызметті ұйымдастыру бойынша семинарлар өткізді. Бұл шаралар өңірдегі медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.
Баспасөз мәслихатында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов мобильді топтың маңыздылығына ерекше тоқталды:
«Бұл бастаманың негізгі мақсаты – өңір тұрғындарына жоғары білікті мамандардың көмегін қолжетімді ету. Шетелде тәжірибе жинақтаған дәрігерлеріміз тек науқастарды қабылдап қана қойған жоқ, сонымен қатар аудандық медицина қызметкерлерін оқытып, тәжірибе алмасты. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Мобильді топтың нәтижесі – тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты қадам», – деді басқарма басшысы.
Мобильді топ қызметі өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттырудың тиімді құралы ретінде алдағы уақытта да жалғасын таппақ.


