
Алатаудың бас жоспарында «Golden District» ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығы болады деп көрсетілген. Қалада озық білім беретін орта қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
«Green District» ауданы тартымды туристік кластер болуға тиіс, миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы керек.
Осы орайда, Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағының маңызы айрықша болады. Бірақ мұнда жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай, яғни, шаңғы, сноуборд, коньки, балық аулау және басқасына жағдай жасау қажет. Әйтпесе, жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қоятыны айдан анық.
Су қоймасының жағалауындағы бей-берекет құрылысты доғару керек, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс.
Қонақ үйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысандардың сырт келбетіне баса назар аударған жөн.
Олардың сәулеті, яғни, архитектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс. Түптеп келгенде, қала инфрақұрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады».


