AMANAT партиясы бастамашы болған жобалар өңірдегі жұмыспен қамтуды арттырады
Алматы облысында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау аясында жүзеге асатын жаңа жобалар арқылы 2025 жылдың соңына дейін 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Қонаев қаласында өткен «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесте мәлім болды.
«Биыл AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларында 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл – құр уәде емес, нақты жобалармен және қаржымен бекітілген жұмыс. Біз бастаманың жүзеге асуын соңына дейін бақылап отырамыз», – деді кеңес төрағасының орынбасары Асқар Сүлейменов.
Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Еркінбек Дауытқұловтың мәліметіне сәйкес, өңірде құны 317,2 млрд теңге болатын 36 инвестициялық жоба қолға алынады. Оның ішінде ет, сүт, балық өнімдерін өндіру, жылыжай кешендері мен құс шаруашылығы бағыттары бар. Жобалар аясында 300 жаңа жұмыс орны ашылмақ, ал 11 жаңа сүт-тауар фермасы есебінен тағы 91 тұрақты жұмыс орны құрылады.
«Қазірдің өзінде 317 миллиард теңгенің 36 жобасы дайын. Біз өндіріс пен инфрақұрылымды қатар дамытуды көздейміз. Мәселен, жылыжай кешендері, сүт фермалары мен құс фабрикалары арқылы жыл соңына дейін кемінде 300 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар», – деді Еркінбек Дауытқұлов.
Атап айтқанда, Қонаев қаласында вафли нан өндірісі мен балық шаруашылығы кеңейтіледі, Қарасай ауданында жылыжай кешені іске қосылады. Ал Ұйғыр ауданында «Прима Құс» компаниясы бройлер етін өндіретін ірі кешен салады. Бұл жобалар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген ауылдық кәсіпті жаңғырту, өңірлік өндірісті қолдау» міндеттерімен толық сәйкес келеді.
Кеңес барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының нәтижелері де сөз болды. Аталған бағдарлама аясында биылдың алғашқы тоқсанында 305 жаңа жұмыс орны ашылған. Партия бұл жобалардың әлеуметтік тиімділігін арттыру үшін бақылауды күшейтпек.
Кәсіпкерлік басқармасы мен «Даму» қоры ұсынған ақпаратқа сәйкес, биыл кәсіпкерлерді қолдауға 4,2 млрд теңге бөлінген. Гранттар тек әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – Бір өнім» жобасының финалистеріне ғана беріледі. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге 12,6%-пен жеңілдетілген несие, кепілдік және субсидиялау құралдары ұсынылуда.
Кеңес қорытындысында нақты тапсырмалар бекітіліп, олардың орындалуын «AMANAT» партиясының өңірлік құрылымдары өз бақылауына алды. Партия өңірлік экономиканы әртараптандыру, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.