Алматы облысында алғашқы Apricot Fest өтті

фтот.JPG

    Алматы облысының Ұйғыр ауданында алғашқы өңірлік Apricot Fest өрік фестивалі өтті. Іс-шара фермерлерді, қолөнершілерді, өңдеуші кәсіпорындарды, туристер мен әлеуетті инвесторларды бір алаңда тоғыстырып, өңірдің жазғы туризм күн тәртібіндегі маңызды оқиғасына айналды.

Фестиваль өткізілетін орын ретінде Ұйғыр ауданының таңдалуы кездейсоқ емес – бұл өңір Қазақстанның өрік астанасы саналады. Жалпы 4 095 гектар жеміс бауларының 3 100 гектарынан астамы өрікке тиесілі. Жыл сайын мұнда 20–22 мың тоннаға дейін өнім жиналады, оның шамамен 4 мың тоннасы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталады. Қалғаны ішкі нарықта сатылып, бір келісі 250–300 теңге аралығында бағаланады.

Фестивальдің ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылығы, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері қатысты. Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев Apricot Fest экотуризм мен өңірлік экономиканың дамуына серпін беретін жобалардың бірі екенін атап өтті: «Экотуризм – бұл табиғатты, жергілікті өнімдерді және мәдени ерекшелікті ұштастыратын бағыт. Apricot Fest – осы синергияның жарқын мысалы. Ең маңыздысы – фестивальге шетелдік кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген кәсіпкерлер алғашқы фестиваль аясында өрік сатып алу бойынша келісімдер жасасты», – деді ол.

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусизова фестивальдің маңыздылығын атап өтті: «Өрік – жай ғана жеміс емес. Бұл – біздің жеріміздің, экономикамыздың және мәдениетіміздің символы. Біз Apricot Fest фестивалін жыл сайынғы дәстүрге айналдырып, оны туристер үшін тартымды бағыт еткіміз келеді», – деді ол.

Фестиваль аясында гастрозоналар, жергілікті өнімдер жәрмеңкесі, этношоулар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Өрік фестивальдің басты кейіпкері ғана емес, сонымен қатар жаңа туристік бағыттардың негізі болды. Жергілікті бақтар алғаш рет оқиғалық туризм нысаны ретінде ұсынылды.

Ауыл тұрғындары бұл шараның ауыл өміріне жаңа серпін бергенін қуанышпен жеткізді. «Ауыл тіріліп қалды. Фестиваль бізге жаңа рух, жаңа көңіл-күй сыйлады. Адамдар келіп жатыр, қызығып жатыр. Бұл бізге керек нәрсе еді», – деді жергілікті тұрғын Равиль Анадуллаев.

Алматыдан келген қонақ Гүлжан Токтарханова да әсерімен бөлісті: «Біз бұл жаққа бүкіл отбасымызбен келдік. Керемет әсер алдық! Жылы атмосфера, дәмді тағамдар, балаларға арналған ойын-сауықтар – барлығы өте ұнады. Мұндай шаралар – өңірдің келбеті. Біз міндетті түрде қайта келеміз!»

Фестиваль ішкі туризмге деген қызығушылықтың артуымен тұспа-тұс келді. 2024 жылы Алматы облысына келген туристер саны 20%-ға артты. Шетелдік туристер саны бойынша өңір ел ішінде үшінші орынға шықты. Туризм саласына 45 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 20 жаңа жоба жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта облыс аумағында туристерге 40-тан астам бірегей табиғи нысан мен 57 бағыт қолжетімді. Олардың қатарында Шарын каньоны, Көлсай мен Қайыңды көлдері, ұлттық парктер мен визит-орталықтар бар. Этноаулдар, кемпингтер мен жаяу бағыттар белсенді дамып келеді. Биыл тек екі ұлттық парк инфрақұрылымын дамытуға 170 млн теңге бөлінді.

Алматы облысы өзінің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде де танытып жатыр. Өңірдің туристік таныстырылымдары BBC, TripAdvisor платформаларында, сондай-ақ Қытай мен Оңтүстік Кореяда көрсетілуде. Мұнда Tengri Ultra, Oceanman Kazakhstan, Қонаевтағы әуе шарлары фестивалі, «Ұлы дала жорығы» сияқты ауқымды шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, 2026 жылдан бастап фестивальді көктемде – өрік гүлдейтін уақытта өткізу жоспарланып отыр. «Сәуір айында өрік бағы ерекше әдемі көрінеді. Табиғаттың бұл сұлулығы фестивальдің атмосферасына ерекше көрік беріп, туристер ағынын арттырады деп сенеміз», – деді ол.

Apricot Fest тек өнімге арналмаған мейрам ғана емес, тұтас өңірдің жаңа өсу нүктесіне айналып отыр. Өрік – енді тек экспорттық өнім емес, туризмді дамытудың, жаңа әсерлер мен ашылымдардың символы.

Алматы облысы алдағы уақытта да агроөнеркәсіп пен туризмді үйлестіре отырып, жаңаша даму жолын жалғастыра береді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ЕКІ КОМАНДА ОЙЫНШЫЛАРЫ ЧЕМПИОН АТАНДЫ
  • ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ
  • ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ
  • АУДАН ӘКІМІ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
  • ВВП Казахстана вырос за пять месяцев на 6 %