Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша Департаменті зейнетақы тағайындаудың уәкілетті органы болып табылады.
Зейнетақы төлемдерін тағайындау Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі.
Кодекстің 209 - бабына сәйкес 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге жасына байланысты зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады.
Соңғы уақытта жоғары зейнетақы мөлшері тағайындалуы үшін, күмәнді жазбалары бар еңбек кітапшаларын жасату арқылы заңсыз әрекеттерге баратын азаматтар саны өкінішке орай ұлғаюда.
Департамент қызмет алушылармен зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтілі туралы күмәнді жазбалармен еңбек кітапшаларын ұсыну фактілеріне талдау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Күмән тудырған жазбалардың шынайлығына көз жеткізу мақсатында Департаментпен мемлекеттік мұрағаттарға және уәкілетті органдарға сұрау хаттар жолданады. Құзырлы органдардың ресми жауабына сәйкес расталмаған еңбек өтілдері анықталған жағдайда Кодекстің 204-бабы 3 тармағының 7) тармақшасының негізінде зейнетақы төлемдері өтініш берушінің негізсіз тағайындауға әкеп соққан анық емес мәліметтерді ұсыну фактісі анықталуына байланысты тоқтатылады.
Депарамент өтініш берушінің негізсіз тағайындауға әкеп соққан анық емес мәліметтерді ұсыну фактісі анықталу себебі бойынша төлемді тоқтату туралы шешімді бекіту кезінде алушының тарапынан төлемдерді заңсыз алуда қылмыс құрамының болуы немесе болмауы фактілерін анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінеді.
Жалған құжаттарды қолдан жасау, пайдалану, оған өзгерістер енгізу қылмыс болып табылады. Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді қолдан жасағаны, дайындалғаны немесе өткiзгені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Осыған орай, келеңсіз жағдайларға ұшырмау үшін уәкілетті органға жүгінуге және зейнетақы төлемдерін тағайындауға шынайы нақты еңбек өтіліңізді дәлелдейтін құжаттарды тапсыруға шақырамыз.
Анар Ануарбековна Оразалина,
Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің
Алматы облысы бойынша департаментінің
№3 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру
бөлімінің басшысы


