Аудан орталықтары мен ауылдық округтерде құрылыс нысандарының бой көтеруі немесе тозығы жеткен ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны өңіріміздің даму баспалдағына қадам басқанының белгісі. Сапалы да сәнді етіп жасалған ғимараттар кез–келген ауылдың ажарын көрікті етіп тұрады.
Соңғы жылдары өңірімізде салынып жатқан тұрғын үйлер мен ФАП ғимараттары және дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аудан экономикасының көш ілгері қадам басқанын аңғарамыз.
Биыл да ауданымызда осындай көңіл көншітер жұмыстар қолға алынып, тұрғын үйлер салу, білім шаңырақтарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тағы да басқа құрылыс жұмыстары өз жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қаланып, ауқымды жұмыстар қолға алынуда.
Аудан көлемінде атқарылып жатқан құрылыс нысанының бірі – Бақанас ауылындағы М.Сеңгірбаев атындағы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмысы.
Оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары жазғы демалысқа шыққан сәтте жоспарға сай күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда құрылыс нысанының жұмыс-тары қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға толықтай негіз бар.
2025 – 2026 жылдарға арналған ауыспалы құрылыс нысаны аудан әкімі Азат Құтпанбетовтың тапсырмасына орай 1 қыркүйек, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарға алынған.
Қарқынды бастау алған құрылыс нысанына осы апта-ның сейсенбісі күні аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошахановамен бірге арнайы барып, ол жердегі жұмыстардың мән - жайын анықтадық.
Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Сем Шоғы Құрылыс - Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің прорабы Нұрлан Төребек атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіп, ғимаратты аралатып, құрылыс сызбасымен таныстырды.
Құрылыс нысанын аралау барысында аңғарғаным, ол жерде бұзу, құрылыс қалдықтарын тазалау жұмыстарының 90 пайызы жасалынған. Мектеп ғимаратының есік - терезелері алынып, дәліздер мен спортзал, асхана, сынып бөлмеле-рінің қабырғаларының ескі сылақтары тазаланып, жаңа сылақ бекем ұстау үшін торлама темірлер орнатылған. Алдағы күндері торлама те-мірлер орнатылған ғимарат қабырғаларын сылау жұмыстары басталады екен.
«Сем Шоғы Құрылыс - Сервис» ЖШС-нің прорабы Нұрлан Төребектің айтуынша мектеп ғимаратының есік – терезелері түгелдей ауыстырылып, сырт келбеті заманауи нұсқада қапталады. Ол өзінің әңгімесінде құрылыс жұмыстары басталған сәтте 60 адам жұмысқа қабылданған. Олардың арасында аудан азаматтары да бар. Ауыл азаматтарының бірі - Абзал Шорабаев. Абзал өзінің көмекшісі Жәнібек Тоқтағановпен бірге ғимарат қабырғасына орнатылған торлама темірлерді бекіту жұмыстарын жасап жүр екен.
Ал сылақ жасау жұмысын ойдағыдай атқарып жүрген Бақанас ауылының тұрғыны Елдос Кеңесбекпен сұхбаттасқанымда ол ауыл азаматтарының тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгеніне және жетпіс жылдан астам тарихы бар білім шаңырағына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқанына ауыл тұрғыны ретінде қуана-тындығын жеткізді.
Сапар барысында аңғарған-ым, ол жердегі құрыш қолды құрылысшылардың қайсы бірін алсаңда өз ісінің хас шебері болып алған. Өз істерін лайықты атқаруда. Оған жұмыс барысында көз жеткіздік.
Мектеп оқушылары 2025-2026 жылдардың жаңа оқу жылы басталғанда адам танымастай болып өзгертілген жаңаша ғимаратқа қадам басса, бұл керемет жайдарман жаңалық болар еді.
«М.Сеңгірбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген сөзді естігін аудан тұрғындары шексіз қуанышқа бөленуде. Өйткені аудан тұрғындарының деншілігі аталмыш білім шаңырағының түлектері.
Тарихы тереңге тамыр жайған білім шаңырағына жасалынып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары сапалы әрі сәнімен сәулеті жарасып, алыстан «менмұндалап», салтанат құрып тұрса, қандай ғанибет десеңізші!
Бақтығали Дәуітбаев, «Балқаш өңірі».