Мемлекет басшысы 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы саланы меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталды.
Маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еселі еңбектерін жоғары бағалап, олардың бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеу еңбек адамдарына деген көрсетілеп жатқан құрметтің бір парасы.
Он екі ай тынымсыз тер төгіп, атақ пен абыройға емес, өз ісіне деген шынайы құрмет пен жауапкершілікпен қарап жүрген жандарға қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді.
Еңбек сүйгіш қасиетті өң бойында сақтап, қарапайымдылықты өмірлік қағидаға айналдырған азаматтардың бірі Балқаш желілік – техникалық цехының кабель дәнекерлеушісі Ерлан Рахымұлы Рақышев.
Әңгіме кейіпкері 1981 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген. Кеңпейіл қазақы ауылдың тыныс-тіршілігін бойына сіңіріп, еңбекке ерте араласып, адалдықты ту етіп өскен Ерекең бүгінгі таңда бір баланың асқар таудай әкесі, отбасына қорған, қоғамға пайдалы азамат ретінде үлкендерге сыйлы, өзінен кейінгі ізбасарларына үлгі - өнеге көрсетіп жүрген нағыз еңбек сүйгіш азамат.
Ерлан Рахымұлы 1999 – 2001 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін, аудан орталығындағы Бақанас аграрлы – индустриялдық колледжіне оқуға түскен. Аталмыш оқу орынын 2002 жылы электр мамандығы бойынша тәмәмдап, аудандық «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзетші болып еңбек жолын бастаған. Ал 2005 жылы Балқаш желілік – техникалық цехының кабель дәнекерлеушісі болып жұмысқа орналасқан. Табаны күректей 20 жыл бойы бір мекемеде жұмысшы болып еңбек ету Ерланның бойындағы өзгелерден табыла бермейтін ерекше қасиет десек болады.
Ерлан Рақышев 2003 жылы Жазира Басарғалқызы мен шаңырақ көтеріп, Данияр есімді ұлға өмір сыйлап, өздерінің бойындағы еңбексүйгіш асыл қасиеттерін үлгі етіп, адал еңбекпен тапқан нанның бойға сіңімді болатынын айтып, өнегелі отбасы қағидасы да қазқалпында сақталған. Бұл атадан балаға берілетін ерекше қасиеттердің бірі.
Дана халқымызда «Еңбек еткен — мұратқа жеткен» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі әңгіме кейіпкері де еңбегі мен елге сыйлы адал да абзал азамат. Оның өнегелі өмірі мен еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі һәм әріптестерінің ортасында сыйлы. Сондықтанда оны әріптестері өз ісіне мы-ғым және еңбекқор адам ре-тінде сипаттайды.
Қандай да болсын маман-дық иесі өз ісінің майталманы болу – басты мақсат. Ол ізденуді, оқуды, маңдай тер төгуді қажет етеді. Халқына адал қызмет еткен жанның еңбегі еленіп, түрлі жетістіктерге жетеді.
Ел үшін тынымсыз тер төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу елдігіміздің ерен көрінісі. Өйткені олар мемлекеттің іргесін берік етіп тұрған мызғымас тіректер.
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, «Балқаш өңірі».