Жұмыстың қай саласында еңбек етсе де өз ісіне жауапты, жасаған әрбір жұмысын тиянақты атқаратын азаматтарды «Нағыз еңбек адамы», «Жұмысшы мамандық иесі» - деп айтуға болады.
Еңбекке жастайынан араласып, қандай жұмыс жасаса да оны ойдағыдай аяқтап, ел құрметіне бөленіп, абырой – беделін жоғары ұстаған азаматтың бірі - Нұрман Мансұров. Қарапайымдылық қасиеті мен көпшілікке танымал болып жүрген Нұрман 1975 жылы Көктал ауылында дүниеге келген. Балалық балдәурен кезеңдерін өзінің туған жерінде өткізген әңгіме кейіпкері Бақанас мектеп – интернатының түлегі. Ол мектеп бітіргеннен кейін әртүрлі салада қол жұмыстарды жасап, 2008 - 2020 жылдар аралығында аудандық обаға қарсы мекемесінде оператор болса, 2020 – 2022 жылдары Ақдала ауылына қарасты «Ақмоншақ» шаруа қожалығында механизатор болып еңбек жолын жалғастырған. 2022 жылдан бастап аудандық Орталық ауруханаға жұмысқа орналасып, сантехник мамандығын меңгеріп алады. Бүгінде өз ісінің хас шебері атанған Нұрман аталмыш мекеменің санитарлық -техникалық жұмыстарын ойдағыдай атқарып жүрген жайы бар. Сантехник мамандығын жіті меңгерген еңбек адамы өзінің әрбір атқарған ісіне жауапты. Оның айтуынша сантехник мамандығының жұмысы жылыту маусымында күрделене түседі. Аудан көлеміндегі денсаулық сақтау мекемелерінің жылыту жүйесінің қалыпты жұмыс жасауына жауапты маман әр апта сайын іссапарға шығып, жасаған жұмысын тыңғылықты атқарады. Нұрман Мансұров тек сантехникалық жұмыстарды жасап қоймайды екен. Аудандық Орталық ауруханадағы сырлау, әктеу, шегелеу, тіпті апта сайын ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстарында да өзінің белсенділігін көрсетеді. Ол әріптестерінің арасында еңбекқорлығымен сый – құрметке бөленіп жүрген нағыз еңбек адамы, жұмысшы мамандық иесі. Сантехник жұмысы су және кәріз жүйелеріне қатысты болғандықтан бұл жұмысты атқару әркімнің қолынан келе бермейді. Бір қарағанда күнделікті жасап жатқан жұмыстары жеңіл – желпі болғанмен, оларға артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Өйткені қыстың қытымыр суықтарында зәулім ғимараттардың жылыту жүйесін қалыпты жағдайда ұстау үшін күндіз – түні жіті бақылайды. Ал Нұрман бұл жұмыстың қыр – сырын меңгеріп алған десек те болады.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».