
Елдің өркендеуі, қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқаты ең алдымен берік құқықтық негізге сүйенеді. Конституция – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын, халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепіл болатын басты құжат. Сондықтан Конституциялық жаңғыру – ел өміріндегі маңызды өзгерістердің бірі, болашаққа бағдарланған стратегиялық қадам.
Жаңарған Конституция қоғамның сұранысына сай дамуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Оның негізгі мәні – әділеттілік, заң үстемдігі, адам қадір-қасиеті мен қоғамдық келісім құндылықтарын нығайту. Бұл қағидалар әрбір азаматтың құқықтық қорғалуына, қоғамда сенім мен өзара құрметтің қалыптасуына ықпал етеді.Конституциялық өзгерістердің нәтижелі болуы тек мемлекеттік институттардың қызметіне ғана емес, әр адамның азаматтық ұстанымына да байланысты. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, өз құқығын білу, міндеттерін адал орындау – өркениетті қоғамның басты белгілері. Азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі артқан сайын мемлекет те нығайып, даму мүмкіндіктері кеңейе түседі.
Бүгінгі жаңарудың басты мақсаты – құқықтары қорғалған, мүмкіндіктері тең, болашағына сенімді азаматтар қалыптастыру. Әрбір өзгеріс халықтың игілігіне қызмет етіп, елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтауға бағытталуы тиіс.
Конституция – тек заңдар жинағы емес, ол халықтың ортақ құндылықтары мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды бағдар.
Күмісбек Ербаев, журналист.


