Туризм саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыс әкімдерінің орынбасарлары мен өңірлік туризм басқармаларының өкілдерімен өткен кеңесте министр саланы жүйелі түрде дамытуға бағытталған Жол картасын іске қосу аясында бірқатар тапсырма берді.
• 1 қарашаға дейін өңірлер бойынша инфрақұрылымдық қажеттілік картасын дайындауды аяқтап, әкімдіктер деңгейінде іс-қимыл жоспарларын бекіту;
• кейбір өңірлерде әлі аяқталмаған туристік маршруттарды абаттандыру және бас жоспарларды цифрландыру жұмыстарын жандандыру;
• Халықаралық туризм және меймандостық университетімен бірлесіп, жыл соңына дейін саладағы кадр тапшылығына талдау жүргізу;
• 1 желтоқсанға дейін 2026 жылға арналған ірі тақырыптық іс-шаралар күнтізбесін дайындау, оның ішінде кем дегенде бір ауқымды туристік іс-шара жоспарлау.
Қазіргі таңда министрлік заңнамаға «курортты өңір» ұғымын енгізуді және міндетті талаптардың орындалуын бақылау жүйесін құруды ұсынып отыр. Жоспарда туристік жобаларға инвестициялық преференциялар мен жеңілдетілген несиелеуді қамтитын арнайы құқықтық режим енгізу бар.
Аталған шараларды жүзеге асыру және Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әзірленген Жол картасын жүзеге асыру туристер үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, қызмет сапасын жақсартуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыт ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Кеңес 25 қыркүйекте Маңғыстау облысында өтетін Халықаралық туристік форум аясында ұйымдастырылды.