ЕГІС ПЕН МАЛДАН БАСТАЛҒАН БЕРЕКЕ

124626c8-aff6-4665-add5-24f759cc7411.jpg

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналысса да, оны сапалы атқару маңызды, – деген болатын.

Ал 2025 жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарялады. Бұл еңбектің қарақазанын қайнатып жүрген еңбек адамдарының яғни  жұмысшы мамандық иелерінің ел игілігі үшін атқарып жүрген жұмыстарын халыққа кеңінен насихаттауға мол мүмкіндік туғызды.

Еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып, қашанда тынымсыз тірлік етіп, жүрген еңбек адамдары үлкен құрметке лайықты. Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, оларға ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау еңбек адамдарына деген ілтипаттың бірі. Осындай құрметке лайықты жанның бірі, «Дархан шаруа қожалығы және «Өркен дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дархан Тыныштықұлы Сонабаев.

  Аграрлы өңіріміздің тасын өрге дөңгелетіп жүрген іскер азамат 1973 жылы Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Ақкөл орта мектебінің табалдырығын аттап, 1990 жылы Береке орта мектебінен түлеп ұшқан.

   Мектеп бітіргеннен кей-ін 1991 жылы Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын 1996 жылы инженер-механик мамандығы бойынша тәмәмдаған. 

  2007-2009 жылдар бедерінде Орталық Азия университетінің экономика факультетін сырттай тәмәмдаған. Бұдан кейін әртүрлі салада жұмыстар атқарған. Ал 2009 жылы туған өлкесін көркейту мақсатында ауылға атбасын бұрып, Береке ауылынан «Дархан» шаруа қожалығын құрып, ірі қара өсіруді қолға алған.

  Мал шаруашылығын өсіруді өркендеткен ол 2018 жылы суармалы егіс алқабынан 1000 гектар жер алып, «Өркен дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, егістікпен айналасуға бел буады. Биылғы жылы өзінің шаруашылығына тиесілі егіс алқаптың 200 гектарына күріш, 200 гектарына бидай дәнді дақылдарын еккен. Ал қалған суармалы егістік алқапқа көпжылдық жоңышқа шөбін егіп, қысқы мал азығын жинады.

   Бүгінгі таңда әңгіме кейіпкері мал шаруашылығымен қатар егін егу жұмыстарымен тұрақты айналысып, 20-дан астам азаматтарды  тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген жайы бар.

  Мал тұқымын асылдандыру мақсатында 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қомақты қаражат алып, 870 бас «Герефорд» асыл тұқымды ірі қараларын сатып алған.  Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қараларын төлдетіп, мал басын көбейтіп, оларды қыстан аман шығару жұмыстарын жүйелі жүргізіп, шаруашылығының тасын өрге дөңгелетіп жатыр.  

   Қазақта «Қолы ашықтың- жолы ашық», «Атына заты сай» деген әдемі тәмсіл бар.

   Біз әңгіме арқауына айналдырып отырған Дархан да жүрген жерінде жомарттық танытып, қиналған жанға кө-мек қолын созып, ауыл ішінде ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға демеушілік көрсетіп, қайырымдылық істерге де өз үлесін қосып келеді.

  Пейілі кең, жомарт жан ауыл азаматтарының қолдауымен Береке ауылында бой көтерген мешіттің құрылыс жұмыстарына және аудан орталығындағы «Д.Қонаев» атындағы саябақ төрінен орын алған Ұлы тұлға ескерткішіне қаржылай үлесін қосқан азаматтардың бірегейі.

   Дархан Тыныштықұлының ел игілігі үшін сіңірген еселі еңбектері ескеріліп, 2022 жылы Д.Қонаевтың 100 жылдығына орай «Д.Қонаев» қорының ме-рекелік медалімен марапатталды. 

  Жақында ол Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласында өткен ауыл шаруашылық форумына қатысып қайтты. Сонымен қатар 7-ші желтоқсан күні облыс орталығы Қонаев қаласында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы күнінде Қазақстан Республикасы Премьер – министрінің Алғыс хатымен марапатталып, бәрімізге шексіз қуаныш сыйлады.

  Марапатталып келгеннен кейін еңбек адамымен сұхбат-тасқанымызда ол өз сөзінде: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жақсы сөз бар. Сондықтанда еңбек ету керек. Мемлекет маған не береді? - деп алақанды жайып қарап отырған дұрыс емес. Істің көзін тапқан, ерінбей еңбек еткендердің жағдайлары жақсы болатынын өмірдің өзі көрсетіп отырған жоқ па?!

   Адам баласы күн көрісін, ризық - несібесін табу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Адам түгіл табиғаттағы жан-жануарлар да азаннан кешке дейін жейтін азығын табумен әуре. Әсіресе, ара мен құмырсқаның еңбекқорлығы біздерге үлгі болуы тиіс. Демек еңбек етіп әрекет ету, берекетті әкеледі емес пе?!

  Дана халқымызда тірі жанды тынымсыз тіршілік етуге үндейтін мынадай мақал-мәтелдер бар: «Адал еңбекпен мал іздемек - арлы адамның ісі», «Бейнет, бейнет түбі – зейнет», «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей», «Еңбек етсең – емерсің, Ерінбесең жеңерсің», «Маңдайы терлемегеннің қаза-ны қайнамайды» - деп өз сөзін түйіндеді.

  Иә Дарханның бұл сөзінен-ақ нағыз еңбексүйгіш азамат екенін байқауға болады. Ол тек өзі ғана еңбек етіп қоймай, айналасындағы жандарды ең-бексүйгіш қасиетке баулып жүр десек те болады.

Еселі еңбегімен ел-жұртқа сыйлы болып жүрген азамат отбасында да қадірлі. Әке жолын жалғаған Дархан үш баланың үлгі тұтар әкесі, аяулы жарының өмірлік серігі.

Адал еңбек пен маңдай тердің игілігі әрине, өз алдына маңызды дүние. Еңбек жасамай, ешқандай жетістікке жету мүмкін емес. Осыны бала жасынан ескерген кәсіпкер бүгінде табын-табын мал өсіріп, жайқалтып егін егіп, еселі еңбек етіп келеді.

  Өз жұмысына жауапкер-шілікпен қарап, адал маңдай терімен еңбек ету арқылы ел құрметіне бөленіп жүрген Дарханның өз алдына қойған мақсат-армандары жетерлік.

  Өрісін малға толтырып, егісін жайқалтып, несібесін еселеген еңбек адамы өзінің қарамағындағы жұмысшы ма-мандық иелеріне үнемі құр-метпен қарайды. Өйткені өзі де бірнеше мекемеде жұмысшы маман болып, маңдай терін төгіп, еселі еңбек етіп жүрген азамат. 

 Ел іргесінің берік қалануы, кез келген бастаманың нәтижелі болуына байланысты. Игілікті істердің ұйытқысы болып, ел-жұртының мақтанышына айналған осындай азаматтар туралы қанша мақтау айтсақ та жарасады. Елге еңбегі сіңген жандарды қашанда халық қолдайды.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, Дархан сынды еңбек адамы болу – елдің өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген адамдарға ғана тиесілі абыройлы атақ. Ер азаматтың өмір жолы, еңбектегі табысы, бақытты тұрмысы жақсы ниеттен құралса, балаларына – мұра, халқына – өнеге болады. Көпшілік олардың еңбекқорлығын жоғары баға-лайды. Қасиетті өңірімізде ең-бекпен несібесін еселеген жандар баршылық.

 Ендеше осындай ерінбей еңбектеніп, тірнектеп жүріп табыс тапқан жан-дардың несібелері артып, жұлдыздары әрдайым жарқырай берсін.

     Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».  

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Алматинской области прошла информационно-итоговое мероприятие «Таза Қазақстан – жарқын болашақ»
  • Алматы облысында «Таза Қазақстан – жарқын болашақ» ақпараттық-қорытынды шарасы өтті
  • Ключевые фигуры, культурные достижения и символы 2025 года
  • Президент тапсырмасы бойынша Балқаштағы медициналық мекемелерді салуға және жаңғыртуға 7,5 млрд теңг
  • ЕГІС ПЕН МАЛДАН БАСТАЛҒАН БЕРЕКЕ