
Осы аптаның сейсенбісі күні Ақкөл ауылдық округінде өрт сөндіру бекеті ашылды. Жаңадан бой көтерген ғимараттың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін ашылып жатқан жаңа жұмыс орны бірнеше ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ететінін айтып, тосыннан келетін тілсіз жау адамзатқа зиянын тигізбесін деген тілегін білдіріп, ауыл тұрғындарын қуанышты сәттерімен құттықтады.

Келесі кезекте сөз алған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Данияр Қасымов жаңадан ашылып жатқан өрт сөндіру бекеті Ақкөл ауылына жақын орналасқан бірнеше ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салынғанын айтып, осы бекет арқылы жақын ауылдарға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік болатынына баса тоқталды.
Салтанатты іс-шарада Ақкөл орта мектебінің оқушылары өрт сөндірушілер жайында жазылған өлең шумақтарын жатқа орындап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйласа, аудандық Мәдениет үйінің әншісі Нұрдәулет Мейрамбек «Қазағым» әнін нақышына келтіре орындап, мәдени шараның көрігін онан әрмен қыздыра түсті.
Мұнан соң жаңа ғимараттың лентасы салтанатты түрде кесіліп, ауыл әжелері шашу шашып, мәре-сәре болды. Ауыл тұрғындары қуанып, шат-шадыман көңіл-күйге ұласқан сәтте аудан әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы мен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Данияр Болатбекұлы жаңа ғимараттың кілтін ауыл әкімі Бекзат Орынбаевқа табыстап, естелік суреттерге түсті.
Осы орайда жаңадан ашылып жатқан өрт сөндіру бекеті жайында айтар болсақ, ол ғимаратта екі өрт сөндіруші жатып демалатын төсек орын, төтенше жағдай кезінде шұғыл қоңырауды қабылдайтын кезекші бөлмесі қажетті құралддармен жабдықталған. Сонымен қатар ас бөлме, ыстық су, суық су су құбырлары жүргізіліп, жылыту қазандығы орнатылған. Ғимараттың үлкен бөлмесінде өрт сөндіруге арналған 5 тонналы цистернасы бар «Урал-4320» автокөлігі сақадай сай тұр.
Адам өмірін, көрікті табиғатты тілсіз жаудан аман алып қалатын өрт сөндіргіштердің жұмыстары қашанда күрделі әрі жауапты. Олар өмір мен өлімнің ортасында жүріп өздерінің міндетін атқарады.
Ауданымызда алғашқы болып заманауи нұсқада салынған өрт сөндіру бекетін азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы кезекті қадам болды. Ендеше, жаңа нысан аудан халқының қауіпсіздігі жолында атқарар жұмысы сапалы болсын демекпіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».


