
Ата Заңды талқылау барысында ашық әрі жауапты қоғамдық диалогтың маңыздылығы бірнеше мәрте аталып өтті. Өйткені реформалардың тұрақтылығы мен заңдылығын қамтамасыз етуде – қоғам өкілдерінің белсенді қатысуы шешуші рөл атқаратыны бәрімізге белгілі.
Қай кезеңде де сындарлы сын шектелмеуі тиіс. Ашық талқылау мүмкіндігінің өзін қоғамдық құндылық ретінде бағалауымыз қажет-ақ. Тек осындай диалог арқылы ғана қоғам қабылдайтын әрі ұзақ мерзімде тиімді жұмыс істейтін шешімдерге қол жеткізуге болады.
Жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған өзгерістер елдің ұзақ мерзімді дамуына бағдарланған және қазіргі ішкі әрі сыртқы сын-қатерлерге жауап береді.
Конституция – мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі. Преамбулада ұлт бірлігі, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастық нақты бекітілген.
Жобада ұсынылып отырған өзгерістердің өзектілігі айқын сезілуде. Өйткені Қазақстан саяси және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.
Бүгінде әлем қарқынды өзгеріп жатыр: цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа әлеуметтік сын-қатерлер. Осы тұрғыда Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер дер кезінде қолға алынып отырған қадамдар деп санаймын.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырыстарында еліміз үшін маңызды мәселелер көтеріліп, бұл өзгерістерді қатысушылар қолдады. Сондай-ақ мұндай диалог алаңдары сарапшылар мен қоғамдық қауымдастықтың пікірлерін ескеруге мүмкіндік берді.
Аптаның бейсенбісінде «Egemen Qazaqstan» газетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы жарияланды. Осыған орай ауданның зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары өздерінің қолдауға толы пікірлерін білдіруде.
Бүгінгі таңда саяси мән-мағынаға толы Конституцияның жаңа жобасы жұртшылық назарына ұсынылып, 2026 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Президентінің «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлығы шықты.
Қоғам мен реформа егіз ұғым. Сондықтанда Конституцияның жаңа жобасы келешекте билік пен қоғам арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Азаматтар шешім қабылдау процесіне белсенді түрде қатысып, өз мүддесін қорғауға мүмкіндік алады. Конституциялық реформалар заң үстемдігі принципін нығайтып, заңнаманың үйлесімдігін қамтамасыз етеді деген мақсаттар бар.
Азат ҚҰТПАНБЕТОВ, аудан әкімі.


