
Заң мен тәртіп
Жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты маңызды мәселе. Жол қозғалысына қатысушылардың қарапайым ережелерді сақтауы көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында 2026 жылғы 10-12 тамыз аралығында Балқаш ауданының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу, жүргізушілердің тәртібін арттыру және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері аудан аумағындағы автожолдарда патрульдік жұмыстарды күшейтіп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерге бақылауды арттырады. Әсіресе көлік құралын масаң күйде басқару, белгіленген жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, басып озу қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқару сияқты құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде жүргізушілердің жол беруі, балалардың жол бойындағы қауіпсіздігі және жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру мәселелері тұрақты бақылауда болады.
Жолдағы қауіпсіздік тек полиция қызметкерлерінің жұмысына байланысты емес. Бұл – жүргізуші, жаяу жүргінші, велосипедші және жалпы әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.
Құрметті жүргізушілер!
Рөлге отырған әрбір адам өзінің ғана емес, жолдағы басқа адамдардың да өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы қажет. Көлік жүргізу кезінде асығыстыққа жол бермей, жылдамдық режимін сақтап, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын орындау маңызды.
Әсіресе ұзақ жолға шыққанда көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп, қауіпсіздік белдігін тағу, шаршаған жағдайда көлік жүргізбеу және жол жағдайына қарай жылдамдықты дұрыс таңдау қажет.
Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Жол қозғалысы ережелері – жай ғана талап емес, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды қауіпсіздік шаралары. Сондықтан әрбір азамат жолда тәртіп сақтап, өз қауіпсіздігіне және айналасындағылардың өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы жұмыстардың негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, жолдағы тәртіпті нығайтып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өмірін сақтау.
Жолдағы қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет.
Жол ережесін сақтайық!
Асықпайық, абай болайық!
Қауіпсіз жол – қауіпсіз өмір
Балқаш АПБ ҚҚБ-нің бастығы полиция подполковнигі А.А.Абдрахманов


