Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады

2026 жылғы 20 тамызда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты «Сайлау – 2026: сайлау науқанының аралық қорытындылары және дауыс беру алдындағы жұмылдыру» тақырыбында «SARAP» сарапшылар клубының көшпелі отырысын өткізді.

Отырыс барысында сарапшылар ағымдағы сайлау науқанының аралық қорытындыларын, қоғамдық-саяси үдерістердің динамикасын және халықтың электоралдық белсенділік деңгейін талқылады. Дауыс беру қарсаңындағы азаматтардың көңіл күйіне, олардың сайлау үдерісіне қатысуына, сондай-ақ саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.

Сараптамалық талқылауға Астана қаласының, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының қоғамдық-саяси, академиялық және ғылыми-зерттеу орталарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғамның өзге де институттарының өкілдері қатысты.

Отырысты Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Боқанова ашып, сайлау науқанының қазіргі кезеңінің ерекшеліктеріне тоқталды. Спикер қазіргі сайлау науқанының маңызды ерекшеліктерінің бірі ретінде партиялардың бағдарламалары мен саяси ұстанымдарын ашық талқылауға мүмкіндік беретін, сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, саяси бәсекенің мазмұнды дамуына ықпал ететін теледебаттардың өткізілуін атап өтті. «Сонымен қатар, сайлау – қоғамдық-саяси үдерістің соңғы нүктесі емес. Дауыс беру аяқталғаннан кейін қоғам алдындағы жауапкершілік одан әрі арта түседі. Сайлауалды кезеңде айтылған бастамалар мен азаматтардың сұраныстары нақты шешімдерде жалғасын табуы маңызды. Сондықтан сайлаудан кейін де мемлекет, саяси партиялар, азаматтық қоғам және сарапшылар арасындағы диалогты сақтау қажет», – деп атап өтті.

ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының басшысы Риззат Тасым сайлау науқанының қазіргі кезеңіне шолу жасап, оның негізгі үрдістері мен өңірлердегі электоралдық үдерістердің ерекшеліктеріне тоқталды: «Азаматтар ел дамуының негізгі саяси бағдарларын кеңінен қолдайды. Стратегиялық мақсаттарға қатысты қоғамдық ұстанымдардың ұқсастығы ерекше мәнге ие. Бұл Қазақстан дамуының негізгі бағыттары бойынша орнықты қоғамдық консенсустың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай ортақ түсінік елдің ұзақ мерзімді мақсаттарын дәйекті әрі жүйелі жүзеге асыру үшін берік қоғамдық негіз қалыптастырады».

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ президенті Арман Елдесов қоғамдық сұраныстармен мазмұнды жұмыс істеп, салмақты шешімдер қабылдай алатын кәсіби Құрылтай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Бүгінде азаматтар анағұрлым ақпараттанған, қоғамда болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістерді жақсы түсінеді және саяси институттардың қызметіне саналы түрде баға береді. Сонымен бірге саяси өкілдіктің сапасына қойылатын талаптар да артып келеді. Бұл тұрғыда Ақтөбе азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін және тұрғындардың қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылығын көрсетіп отыр», – деді сарапшы.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқазы Қартжан жастардың қоғамдық-саяси белсенділігінің жоғары екеніне назар аударып, студенттермен тұрақты жұмыс олардың нақты сұраныстарын, қызығушылықтарын және елде болып жатқан үдерістерге көзқарасын түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жастармен тікелей жұмыс істей отырып, біз олардың сұраныстарын, қызығушылықтары мен үміттерін жақсы білеміз. Бүгінде жастар қоғамдық-саяси үдерістерді жіті қадағалап, өз ұстанымдарын ашық білдіреді және ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға дайын. Біз жастардың саяси белсенділік деңгейінің айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан олардың үнін естіп қана қоймай, жастардың елдің қоғамдық және саяси өміріне мазмұнды қатысуына жағдай жасау маңызды», – деп мәлімдеді.

Маңғыстау облысының басқарушы, сервистік компаниялар және мүлік иелері бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайырғали Қалмұқанов азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысуын кеңейту қажеттігіне назар аударып, адамдардың практикалық тәжірибесі мен сұраныстары қабылданатын шешімдерде көрініс табуы тиіс екенін атап өтті. Ол мысал ретінде төрт заңды талқылау мен әзірлеуге қатысқан өз тәжірибесін келтірді: «Заң шығару үдерісіне кәсіби саясаткерлер мен сарапшылар ғана емес, қарапайым азаматтар да белсендірек қатысуы маңызды. Кейіннен заңнамалық шешімді талап ететін мәселелермен жергілікті жердегі адамдар тікелей бетпе-бет келеді. Бізде мұндай тәжірибе бар – төрт заң бойынша жұмысқа қатысып, өз ұсыныстарымызды енгіздік және азаматтардың пікірі шынымен де маңызды екенін көрдік. Сондықтан қоғамның заңнаманы жетілдіруге тікелей қатысуына көбірек мүмкіндік жасау қажет».

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің шұғыл және жедел медициналық көмек кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Айнұр Донаева денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерге қатысты азаматтардың сұраныстарына тоқталды: «Электоралдық көңіл күй мен сайлаушылардың мінез-құлқы айқын өңірлік ерекшелікке ие. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жалпы қоғамдық күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып табылады».

Атырау қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Арман Баженов азаматтардың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігі мен өңір тұрғындарының негізгі қоғамдық сұраныстары жөнінде пікір білдірді: «Жақын арада еліміздің тарихындағы тұңғыш Құрылтайдың құрамы айқындалады. Өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде Халық Кеңесінің Құрылтаймен өзара іс-қимылының басталуын үлкен қызығушылықпен күтемін. Жаңа институционалдық модель азаматтық қоғамның заң шығару үдерісіне қатысуын кеңейтудің, қоғамдық бастамаларды ілгерілетудің және азаматтардың мүдделерін заңнамалық деңгейде білдірудің нақты тетігін қалыптастырады. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы мазмұнды диалог үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халық билігі қағидаттарын нығайтады».

Батыс Қазақстан облысы Жазушылар одағының мүшесі Әділет Орынбасаров өңірдегі қоғамдық көңіл күй, азаматтардың сайлау үдерісіне көзқарасы және қоғамдық-саяси белсенділігі туралы пікір білдірді. «Батыс Қазақстан облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдері түрлі партиялардың өкілдерімен кездесулерге белсенді қатысып, олардың бағдарламаларына қызығушылық танытты және қоғам үшін аса маңызды мәселелерді көтерді. Науқан барысында «Таза Қазақстан» қағидаттары, әділдік пен өзара құрмет мәселелері ерекше өзектілікке ие болды. Партияаралық диалогтың мазмұнды әрі әдепті сипатта өтуі бұл құндылықтардың бүкіл электоралдық кезең бойы сақталғанын көрсетті. Бұл жоғары саяси мәдениет пен ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің көрінісіне айналды».

Ақтөбе облысының Азаматтық орталығының төрағасы Әлішер Мәжит өңірдегі азаматтық қоғамның қазіргі жағдайына және қоғамдық ұйымдардың сайлау үдерісіне қатысуына тоқталды: «Электоралдық үдерістің қарқынды әрі мазмұнды өткен кезеңінде азаматтар барлық партиялардың саяси платформаларымен танысып, олардың бастамаларын салыстыруға және өз ұстанымдарын айқындауға мүмкіндік алды. Ендігі кезекте бақылаушы позициядан жауапты таңдау жасауға көшу ерекше маңызды. Дауыс беруге қатысу – берік азаматтық ұстанымның көрінісі әрі елдің болашағына нақты ықпал ету мүмкіндігі. Бүгінде әрқайсымыз үшін белсенді азаматтық ұстаным танытып, саяси үдерістің жауапты қатысушысы болу маңызды», – деді спикер.

Сарапшылар дауыс беру алдындағы азаматтарды жұмылдыру мәселесіне ерекше назар аударды. Маңызды факторлар ретінде азаматтардың сайлау туралы хабардар болуы, саяси партиялар мен сайлаушылар арасындағы коммуникация, қоғамдық ұйымдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысуы, сондай-ақ жастардың электоралдық белсенділігін арттыру атап өтілді.

Қатысушылар қазіргі сайлау науқанында дәстүрлі үгіт-насихат тәсілдерімен қатар әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар мен теледебаттардың белсенді қолданылып отырғанын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл азаматтардың саяси ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, партиялардың сайлаушылар алдындағы бағдарламалық және коммуникациялық жауапкершілігін де арттырады.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Эксперты Sarap обсудили промежуточные итоги избирательной кампании
  • Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады
  • Астанадағы Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті
  • Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездесті
  • - Лидеры политических сил встретились на «Главных дебатах - 2026»