Бейжің төрінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті

1.JPG

    Аспан асты елінің астанасында қазақ саз өнерінің сайыпқыраны, композитор, дирижер, Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті.

Мерейтой аясында Бейжіңнің орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарлама ұйымдастырылып, кеш барысында қазақтың біртуар сазгерінің өмірі мен шығармашылығына арналған музыкалық туындылар орындалды.

Салтанатты іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысы өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Нұрғиса Тілендиев – қазақ руханиятының алтын қазығы. Оның мәңгілік әуендері — халқымыздың жүрегінде сақталған ұлттық кодтың бір бөлігі. Ұлы тұлғаның ғасырлық мерейтойының Бейжіңде аталып өтуі – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени байланыстардың биік көрінісі», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Ресми бөлімнен кейін шығармашылық кеш жалғасып, көрермен назарына Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауындағы шығармалар ұсынылды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгердің қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.

Сонымен қатар сахна төрінде дәулескер күйші, Қазақстанның халық артисі Секен Тұрысбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұркен Әшіров пен Мадина Сәдуақасова, сондай-ақ Алматы облысының өнерпаздары өнер көрсетті. Шара аясында қазақтың дәстүрлі қолөнері мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды.

Концертке қатысқан Бейжің қаласының тұрғыны Қаламқас Серікқызы өз әсерімен бөлісті:
«Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы – жүрекке жететін шын өнер. Күй мен әуен арқылы туған елдің рухы мен болмысы сезілді. Қытайда туып-өссем де, қазақ болып туғаныма тағы бір мәрте мақтандым», – деді ол.

Айта кетейік, ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан мерейтой аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттауға бағытталған халықаралық шаралар жыл бойы жалғасады. Алматы облысы бұл бастаманың бел ортасында.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматинская область и Пекин усиливают сотрудничество: Марат Султангазиев провёл важную встречу в сто
  • Алматы облысы мен Бейжің арасындағы ынтымақтастық артуда: Марат Сұлтанғазиев Қытай астанасында маңыз
  • Бейжің төрінде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы аталып өтті
  • В Пекине отметили 100-летие Нургисы Тлендиева
  • Алматы облысында антиретровирустық емдеудің тиімділігі 90 пайызға жетті