Адам баласының ең қы-зыққа толы кезеңдері – мектеп қабырғасында оқып жүрген балдәурен балалық шақтары. Мектепке тарыдай болып еніп, таудай болып шыққан жандардың барлығы да сонау оқушы болған күндерін сағынып, сол бір қызыққа толы сәттерін еске алып, өткен шаққа ой жүгіртіп жатады. Ал алтын ұядан бірнеше жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер үшін өткен шақты еске түсіріп, білім шаңырағында кездесу мүлдем бөлек.
Оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылар күні пәлен жыл бұрын білім шаңырағынан түлеп ұшқан түлектер мектепке кездесуге келіпті, алтын ұя мектептеріне сый – сияпат беріпті деген жайдарман жаңалықты естіп, іштей қуанып жататынымыз да жасырын емес. Биыл да ел сүйсініп айтарлықтай жайдарман жа-ңалықтар дәстүрге сай салтанат құрды.
Аудан орталығындағы М. Сеңгірбаев атындағы орта мектеп ауласынан 1980 жылы осы білім шаңырағынан түлеп ұшқан түлектерінің демеушілігімен демалыс аллеясы ашылып, мектеп оқушыларының игілігіне берілді.
Мектеп табалдырығынан осыдан 45 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектердің алтын ұя, қасиетті қарашаңыраққа жаса-ған тартулары көпшілікке қу-аныш сыйлады.
Жаңа үлгіде жасалынған демалыс орынының ашылу салтанатында бас қосқан мектеп түлектері үлкен өмірге қанат қаққан алтын ұяларын сағына жеткендерін жасыра алмай мәре - сәре болып, қуана қауышып жатты.
Салтанатты шараға ау-дандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, М.Сеңгірбаев атындағы орта мектептің директоры Айгүл Жұмаханқызы, сонымен қатар кездесу кешке келген түлектерді білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие берген ардагер ұстаздар Шұратбек Жексенов пен Ғалия Садықбайқызы арнайы барып қатысып, жаңа демалыс орынның лентасын кесіп, мектеп түлектеріне ал-ғыстарын жаудырды.
Мектеп оқушыларының бос уақыттарын көңілді өткізулеріне қолайлы жағдай жасалған демалыс орынын ашылу салтанатында сөз алған ардагер ұстаз Шұратбек Жексенов 45 жыл бұрын үлкен өмірге қанат қаққан түлектерінің қасиетті қарашаңыраққа жасаған тартуларына өзінің шынайы ризашылығын білдіріп, сонау балауса балдәурен шақтарында мектеп табалдырығына тарыдай болып аттап, 10 жыл білім алып, таудай болып түлеп ұшқан түлектерінің бүгінгі жеткен жетістіктеріне қуанып тұрғанын жасырмады. Көңілі толқыған ұстаз өзінің баптаған қырандарының биік самғап жүргеніне шүкіршілік айтып, өткен шақтан естелік әңгімелерді өрбітті.
Келесі кезекте сөз алған М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Сәуле Арыстанбаева 45 жылдық кездесуге келген түлектерге өзінің жүрекжарды ақ тілегін білдіріп, әсемдігі таңдай қақтыратын демалыс орынын жасап берген аға буын өкілдеріне мектеп ұжымы атынан алғыс білдірді.
Білім шаңырағының ауласына заманауи тұрғыда демалыс аллеясын жасаған түлектердің қайысы бірінен сұрасаң: «Сыныптастардың басын қосып, осындай ауқымды істі қолға алуды және оның көрікті болып жасалуын ұйымдастырған Нарымбет Әбдібаев пен Сәкен Алсаев» - деп, олардың азаматтығы мен іскерлігіне тамсанады.
Мектеп ажарын көрікті етіп тұрған жаңа аллеяның ерекшелігіне тоқталар болсақ ол жерге 55 дана туя және 30 дана арша қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызып, 115 шаршы метр жерге тастар төселген. Тастардың айналасына көк шөп егіліп, демалыс орынының көгалдануына су жүйесі жүзгізіліпті. Сондай-ақ ұзынша орындықтар орнатылып, әр орындықтың маңына қоқыс жәшіктері де орналасқан. Сәнімен салтанаты жарасқан демалыс орынының жалпы аумағы 32,27 шаршы метрды құрайды екен.
Мерекелік шарада бас қосқан ата-аналар қауымы да мектеп ауласына сән беріп тұрған демалыс орынның ашылу салтанатына куә болып, аталмыш білім шаңырағынан 45 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектердің ауызбірлігіне дән риза екендерін жасыра алмай, алғыстарын жаудырып жатты.
Шара соңында түлектер естелік суреттерге түсіп, қу-аныштарын жасыра алмай мәре - сәре болып тарқасты. Демалыс аллеясының ашылу салтанатынан кейін түлектер аудан орталығындағы «Оспанқожа ата» мешітіне барып, өмірден өткен ұстаздары мен сыныптас-тарының рухына құрбан шалып, Құран кәрім бағыштап, ас берді.
Әрбір адам үшін кіндік қаны тамған ауылынан ыстық жер бар ма? Қайда жүрсе де өзінің туып - өскен ауылын, білім нәрімен сусындатқан мектебін ұмыту әсте мүмкін емес.
Иә, алтын ұя білім ошағы қашанда шәкіртімен қадірлі. Сол үшін ұстаздар мен шәкірттердің арасындағы өнгелі байланыс қай кезде де құнды.
М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің 45 жылдық түлектерінің білім шаңырағына жасаған тартулары соның айқын дәлелі деп білеміз. Өйткені олардың аса жоғары ауызбіршілікпен атқарған игі істері өзгелерге үлгі боларлықтай естелік. Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».