Әне-міне дегенше жайма-шуақ жазда өтіп, қоңыр салқын күзде келіп жетті. Жаздың әр күнін тиімді пайдалану мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар үшін өте ма-ңызды кезең.
Аграрлы өңіріміздегі мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар қыстың қамын жаз ойлап, ауа райының қолайлы уақытын пайдаланып, алажаздай тыным таппастан шөп ору науқанын қарқынды жүргізуде.
Бұл жауапты науқанды ойдағыдай атқарып жатқан шаруашылықтардың жай – күйін көзбен көру мақсатында өткен аптаның сәрсенбісі күні аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге «Өтес- Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №1 бөлімшесіне арнайы барып, ол жердегі қызу еңбекті көзбен көрдік.
Біз атбасын бұрған шаруашылық қысқы мал азығын дайындау жұмыстарын жүйелі атқарып, өздеріне тиесілі 429 гектар суармалы жерге егілген жоңышқалықтың екінші орылымын ойдағыдай аяқтап, үшінші орылымға шалғы салу әрекетіне кіріскелі жатыр екен.
Сапар барысында аталмыш шаруашылықтың бөлімше басшысы Марат Дүйсенов пен механизатор Жанат Жолдасұ-лының атқаратын жұмыстары шаш-етектен болсада бір сәтке тізгін тартып, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Амангелдіұлына үшіні рет орылуға өсіп-жетілген шүйгін шөптің құнары жайында және шөп ору науқанына ала - жаздай жұмылдырылған техникалар мен оларға қанша жанар – жағар май жұмсалғанын, сондай – ақ егіс алқапта демалыссыз еңбек еткен жұмыскердің жағдайы жайында әңгіме өрбітті.
Мұнан соң Марат Жолдасұлы 386 гектар жерге егілген күріш алқабын аралатып көрсетті. Диқаншының айтуынша биылғы жаз айларындағы аптап ыстық күндер күріш дақылының өсіп-жетілуіне оң ықпалын тигізген. Ақ күмістен сапалы өнім алу үшін қажетті тыңайтқыштарды қолданғанын айтты.
Сондай – ақ ол әңгіме барыында қараусыз жайылып жүрген төрт түлік түрлері қысқы мал азығын дайындау және егіс алқапта өсетін барлық дәнді дақылдардан мол өнім алуға кедергі келтіріп жатқанын сөзден іркіп қалмады.
Марат Дүйсенов қысқы мал азығын дайындау жұмысын тұрақты кәсіпке айналдырған. Өйткені ол өз қаражатына шөп шабуға арналған бір Германка комбайнын және бір шөп бастырғыш, екі «МТЗ-80 тракторларын сатып алған. Шөп тиегіш құрылғы орнатылған «МТЗ-80» тракторын өзі тізгін-деп, барлық жұмысты механизаторлармен бірге атқарып жүр.
Жастайынан дала кезіп, егіс алқапта еселі еңбек етіп, адал табыс тауып жүрген Жанат пен Марат ағайынды Дүйсеновтер нағыз жұмысшы мамандық иелері. Олар әке жолын жалғастырып, адал еңбек етуді саналарына сіңіріп өскен Ақдала ауылының азаматтары.
Егін егу, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының қыр – сырын меңгерген диқаншы-лардың қайсы бірін мысалға алсаңда, олардың адал еңбек етіп, адал жолмен табыс тауып жүргеніне еш күмән келтіре алмасың айдан анық.
Аграрлы ауданымыздың тасын өрге дөңгелетіп, өңіріміздің экономикасының артуына өзіндік үлестерін қосып, еңбектің қарақазанында бірге қайнап, ауыр жүкті арқалап, ел игілігі үшін еңбек ететін диқаншылардың әрбір атқарған істері жемісті болсын.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».