Жиделі ауылында саябақ ашылды

image.png

87.png

65.png

Бүгін Жиделі ауылының тұрғындары шексіз қуанышқа бөленді. Олай дейтініміз, ауыл тұрғындарының көптен күткен саябағының құрылыс жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. 

Ауыл ажарына ажар қосып тұрған жаңа саябақтың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Азат Құтпанбетов жиналған көпшілікті қуанышты сәттерімен құттықтап, олардың  бос уақыттарын көңілді өткізуге салынған саябақтың осындай әдемі де әсем қалпында тұруы - алдымен ауыл тұрғындарына тікелей байланысты болатынын айтып, аудан көлемінде осындай демалыс орындарының салынып жатқаны Тәуелсіз мемлекетіміздің толағай жетістіктері екеніне баса тоқталды.

Аудан басшысы өзінің құттықтау тілегінде :  «Қазіргі таңда ауданымызда аудан тұрғындары игілігіне біршама іс-шаралар жасалып жатыр. Саябақ құрылысы мердігер «Қазақстан Строй Техно» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен былтырғы жылдың сәуір айында келісім-шарт жасалып, осы саябақтың   құрылысы басталған болатын.

Міне, сол құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда толыққанды аяқталып, жаңа саябақ пайдалануға берілуде. Саябақтың жалпы ауданы - 0,9 гектарды құрайды.

Ендігі бұл саябақтың келешектегі тазалығы, гүлдеп тұруы тек біздің ғана емес әрбір ауыл тұрғынының міндеті деп есептеймін. Өйткені ауыл тазалығы - бірінші кезекте тұрғылықты халықтың қолында. Ал елдің өсіп-өркендеуі ауылға тікелей байланысты. Ауыл дамыса - еліміз көркейетіні баршаға аян. Аудан аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар.

Олай болса, осындай саябақтарымызды, ауылымызды көгалдандырып, көркейтуге бәріміз бірге атсалысып, ауылымызға көрік берген әсем саябағымызды күтіп ұстап, әрдайым осылай гүлдеп тұруына атсалысуға шақырамын.  Барлықтарыңызды бүгінгі қуанышты сәтпен тағы да құттықтаймын”-деп өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.

Келесі болып сөз алған аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев «Ауыл ажары - азамат абыройы» деген қанатты сөзді негізге алып, жаңадан ашылған саябақ ішіндегі балаларға арналған ойын алаңдарының және жастардың спортпен шұғылдануына қолайлы құрылғылардың бәрі өз деңгейінде орнатылғанын атап өтті. Ал ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы Шыңғыс Байсынов  пен ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Күлмария Абирова ауылдастарын жаңа саябақтың ашылуымен құттықтаса, ауыл қариясы Бейқұт Жарқынбаев ақ батасын берді.

Салтанатты шарада аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, Жиделі орта мектебінің оқушылары жырдан шашу шашты.

Саябақтың лентасы кесілгеннен кейін, аналар қауымы шашу шашып, жиылған көпшілік бір – біріне “құтты болсын” айтып, қуаныштарын еселеп жатты.

Ел-жұрттың игілігі үшін жасалынған дүние көпшіліктің көңілінен шықты. Іші кірсе шыққысыз жаңа саябақтың ішінде саналуан әткеншектер мен спорттық дүниелер орнатылған алаңдарда адам аяғына жайлы резеңке төселген. Сондай-ақ демалып отыруға арналған ұзын орындықтар мен түңгі жарық бағаналарда шамдар орнатылған.

Жиделіліктерді қуанышқа бөлеген жаңа саябақта алдағы уақытта да сан түрлі гүлдер мен көкмайса шөптер өсіп, ағаш көшеттері жайқалып, ажарлы ауылды онан әрмен көрікті етіп тұрары хақ. Гүл жайнаған саябақта бірі баласын, енді бірі немересін жетектеп, серуен құрып жүрсе, ауыл жастары өзара сырласып, қоғамдық орында бос уақыттарын тиімді өткізетін болады.

 

Ауыл — біздің қазақтың негізі, тілі, діні, ділі мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тарихы, шежіресі, өнердің сарқылмас бұлағы сақталған ата-бабаларымыздың қасиетті мекені.       Ауылдардың заман талабына сай көркейіп келе жатқаны бәріміз үшін қуантарлық дүние.

Ауыл өмірі – табиғаттың құшағында, тыныштық пен жайлылықта өмір сүрудің нағыз үлгісі деп білеміз.  

                               

Бақтығали ДӘУІТБАЙ, “Балқаш өңірі”.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Таза Қазақстан»: Астанада Есіл жағалауындағы плоггинг акциясына ондаған адам қатысты
  • «Таза Қазақстан»: плоггинг на берегу Есиля собрал десятки участников в Астане
  • «Өзіңнен баста»: Астанада табиғатты аялауға бағытталған эко-челлендж басталды
  • «Начни с себя»: в Астане запустили экочеллендж в поддержку бережного отношения к природе
  • «Час эколога»: в Астане прошла презентация экологического исследования