Меншік – кез келген азаматтың, немесе қандайда болсын бір ұйымның және мемлекеттің материалдық игіліктерінің негізі болып табылады. Сондықтан меншік құқығын қорғау қоғамдағы тұрақтылықты, экономикалық дамуды және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі саналады. Қазақстан Республикасының Конституциясында әркімнің заңды түрде алған мүлкін жеке меншігінде ұстауға құқығы бар екендігі бекітілген және мемлекет меншік құқығын қорғауға кепілдік береді.
Меншік құқығы дегеніміз – азаматтың немесе ұйымның өз мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Бұл құқық заңмен қорғалады және ешкім заңсыз түрде басқа адамның мүлкін иемденуге немесе оған зиян келтіруге құқылы емес. Меншікке қол сұғушылық азаматтардың құқықтарын бұзып қана қоймай, қоғамдағы құқықтық тәртіпке де кері әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда меншікке қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың ішінде ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық және бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактілері жиі кездеседі. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Құқық қорғау органдары меншікке қарсы қылмыстардың алдын алу, оларды ашу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізеді.
Меншікті қорғауда азаматтардың өздерінің де жауапкершілігі зор. Әрбір адам өз мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақтық шараларын сақтауы қажет. Мысалы, тұрғын үйлерге сенімді құлып орнату, бейнебақылау жүйелерін пайдалану, бағалы заттарды қараусыз қалдырмау, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақтану маңызды. Сондай-ақ күмәнді жағдайлар байқалған кезде дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Айта келе, меншік құқығын қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі. Меншікке құрметпен қарау, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтарға төзбеушілік таныту қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына ықпал етеді. Сондықтан әрбір азамат өз құқықтарын біліп қана қоймай, өзгенің де меншік құқығын құрметтеуі тиіс.
Өз тілшімізден.


