Есірткі қылмысы – қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Ол адамның денсаулығына ғана емес, отбасының берекесіне, қоғамдық тәртіпке және мемлекеттің қауіпсіздігіне де зор қауіп төндіреді. Сондықтан есірткі қылмысына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Есірткі заттарын заңсыз өндіру, сақтау, тасымалдау және тарату ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай қылмыстар жастардың болашағына балта шауып, олардың өмірін құрдымға кетіреді. Есірткіге тәуелді адам өз денсаулығын жоғалтып қана қоймай, қылмыс жасауға бейім болады. Соның салдарынан ұрлық, алаяқтық, тонау сияқты құқық бұзушылықтардың саны артуы мүмкін.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қарсы кешенді жұмыстар жүргізуде. Заңсыз есірткі тасымалының жолдарын анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу, интернет арқылы есірткі таратумен айналысатын тұлғаларды анықтау бағытында жүйелі іс-шаралар қолға алынуда. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінуде.
Есірткі қылмысының алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Ата-аналар балаларымен ашық сөйлесіп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасауы қажет. Спортпен айналысу, мәдени және қоғамдық іс-шараларға қатысу жастарды зиянды әдеттерден сақтаудың тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Білім беру ұйымдары да жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді атсалысуы тиіс. Мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткінің зияны туралы ақпараттар тұрақты түрде берілуі қажет. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды міндеттердің бірі.
Есірткі қылмысына қарсы күресте қоғамның белсенділігі де үлкен маңызға ие. Азаматтар күмәнді жағдайлар туралы тиісті органдарға хабарлап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қоса алады. Өйткені қауіпсіз қоғам – әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Өз тілшімізден.


