

2026 жылғы 2 шілде күні облыс әкімінің орынбасары Ғ. А. Майлыбаевтың төрағалығымен Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына комиссия мүшелері, тиісті басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Күн тәртібінде Отбасылық – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, сталкингтің алдын алу және зорлық- злмбылықтан жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар, Өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігі, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету шаралары сияқты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ғ.А. Майлыбаев өз сөзінде: «Отбасы институтын қорғау, әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Конституцияда отбасы мен неке институтын қорғау, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу қағидаттарының конституциялық деңгейде бекітілуі мемлекеттік органдардың жауапкершілігін одан әрі арттыратынын жеткізді».
Алматы облысы полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Анархан Оразахунова өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және сталкингтің алдын алу, жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаева әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді. Баяндамада қаржылық және қаржылық емес қолдау құралдарының тиімділігін арттыру, кәсіпкер әйелдерге арналған оқыту бағдарламаларын кеңейту және мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов пен Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтау, әлеуметтік сүйемелдеу және кешенді қолдау көрсету бағытындағы жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Алматы облысының полиция департаментіне, облыстық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына, сондай-ақ аудан және қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді.


