Алматы облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

IMG_7681.jpeg

Алматы облысында шомылу маусымы кезеңінде су айдындарындағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында тТтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Арман Макенов мәлімдеді.

Спикердің мәліметінше, бүгінде облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 125 орын белгіленген. Оның ішінде 7 коммуналдық және 118 жекеменшік демалыс аймағы жұмыс істейді. Ең көп демалушы Қапшағай су қоймасының жағалауына келеді. Демалыс және мереке күндері мұнда бір мезгілде он мыңнан аса адам жиналатындықтан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары ерекше бақылауға алынған.

Осыған байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, күнделікті профилактикалық және рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруда. Демалыс күндері Департамент бөлімшелері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, рейдтерге барлық жеке құрам жұмылдырылды.

- Рейдтік іс-шаралар барысында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзу, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын сақтамау және азаматтардың жабдықталмаған орындарда шомылуы сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық берілуде. Бұл жұмыстар прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жүргізілген бақылау нәтижесінде заң талаптарын бұзған 10 шағын көлемді кеме анықталып, айыппұл тұрағына қойылды, - деді Арман Миржанұлы. 

Судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себебі адам факторымен байланысты. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік талаптарын елемеу, жабдықталмаған жерлерде шомылу, алкогольдік ішімдік ішу және балаларды қараусыз қалдыру қайғылы жағдайларға әкеледі.

Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 140 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар Кодекстің 582-бабы бойынша 70 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. Шомылу маусымы басталғалы Алматы облысының су айдындарында 13 адам қаза тапты. Оның 4-і бала. Одан бөлек құтқарушылар 35 адамның өмірін сақтап қалды, - деді спикер. 

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда демалып, судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Су айдындарындағы жағдай тұрақты бақылауда және шомылу маусымы аяқталғанға дейін профилактикалық жұмыстар үздіксіз жалғасады.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ДДСҰ басшысы Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қолдау саясатына ризашылығын білдірді
  • Глава ВОЗ высоко оценил вклад Токаева в реализацию концепции «Здоровье для всех»
  • По итогам уборочной кампании 2026 года Казахстан собрал 24,3 млн тонн зерна
  • Қазақстан 2026 жылы 24,3 млн тонна астық жинады.
  • Басты құндылығы-адам және оның қадір-қасиеті