


Тазалық – өркениетті қоғамның басты белгісі. Қоршаған ортаның таза болуы адам денсаулығына, өмір сүру сапасына және келешек ұрпақтың жарқын болашағына тікелей әсер етеді. Осы мақсатта елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – табиғатты қорғауға, қалалар мен елді мекендерді көркейтуге және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Акция аясында еліміздің барлық өңірлерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, өзен-көлдердің жағалаулары мен қоғамдық орындар тазартылып жатыр.
Республика бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды іс-шараға біркісідей атсалысқан аудан тұрғындары ауыл көшелері мен ауылдың сыртқы келбетін, өзен - көлдердің жағалауларын қоқыстан тазалап жүйелі жұмыстар атқаруда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында осы аптаның бейсенбісі күні аудан көлемінде сенбілік жұмыстары жасалынды.
Аудан орталығында ұйымдастырылған сенбіліктің ашылу салтанатында аудан әкімі Азат Құтпанбетов сөз кезегін алып, іс-шараға қатысушы аудандық мекеме-ұйым қызметкерлеріне Іле өзенінің жағалауындағы қоқыстарды тазалап, республикалық акцияға біркісідей атсалысуға шақырды.
Мұнан соң аудандық мекеме қызметкерлері Іле өзенінің жағалауын қоқыстан тазалап, жиналған қоқыстарды сенбілікке арнайы бөлінген жүк көліктеріне тиеп, қоқыс төгуге белгіленген орындарға жеткізілді.
Республикалық акцияны жүзеге асыру мақсатында аудан көлемінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Бұл игі бастама аудан орталығының келбетін көріктендіріп қана қоймай, болашақ ұрпаққа экологиялық таза ортаны қалыптастыруға бағытталған. Ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға және табиғатқа туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарауға шақырады.
Таза аула, таза көше, көрікті ауыл мен қала – ел мәдениетінің айнасы екені баршаңызға белгілі. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру ең алдымен әр отбасыдан басталуы тиіс. Қоқысты арнайы орындарға тастау, табиғатты ластамау, жасыл желекті қорғау, ағаш отырғызу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаны сақтауға үлкен үлес қосады.
Өз тілшімізден.


