
Алматы облысының спортшылары жыл басынан бері ел ішіндегі және халықаралық жарыстарда 1 179 медаль жеңіп алды. Оның 423-і – алтын, 349-ы – күміс, 407-і – қола. Бұл туралы Қонаев қаласында өткен Спорт күніне арналған мерекелік шарада айтылды.
Жиында спорт саласына жылдар бойы еңбек сіңірген ардагерлер мен мамандар марапатталды. Оларға медальдер мен төсбелгілер табысталып, бірқатар қызметкер Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды. Сондай-ақ Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында 67 келіге дейінгі салмақта грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алған Андрей Самаринге ерекше құрмет көрсетілді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшыға Алатау қаласындағы «Gate City» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтердің сертификаты мен кілтін табыстады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Бүгінгі күнді ұзақ уақыт есте сақтайтыныма сенімдімін. Сурдлимпиада чемпионы атану үшін көп еңбек еттім, талай сынақтан өттім. Ал енді өз пәтерімнің кілтін қолыма алу – мен үшін үлкен қуаныш, ерекше сезім. Спортшыларға осындай қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырған облыс басшылығына шын жүректен алғыс айтамын. Енді бұдан да жақсы нәтижеге жетіп, Алматы облысы мен Қазақстанның атын халықаралық жарыстарда танытуға бар күшімді саламын», – деді XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Андрей Самарин.
Өңірде спортшылардың биік белестерді бағындыруына қажетті жағдай жасалуда. Биыл Алматы облысында спорт саласына 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Соңғы үш жылда өңірде 10 спорт кешені салынды. Қазір Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарында тағы бес спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Тағы 12 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бүгінде облыста тұрғындар спортпен айналысатын 1 232 нысан бар.
«Спорт – ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, елдің рухын көтеретін үлкен күш. Сондықтан спортшыларымыздың жақсы нәтижеге жетуіне қолдау көрсетіп, тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасау – маңызды. Бүгінде облыста жаңа спорт нысандары салынып, қолданыстағы нысандар жаңартылып келеді. Жас және үздік спортшыларға да қолдау көрсетіп отырмыз. Биыл 225 спортшы облыс әкімінің стипендиясын алады. Жетекші спортшылар мен сала мамандарын баспанамен қамтамасыз етуге де көңіл бөлініп, спорт мекемелерінің қажетті жабдықтары жаңартылуда. Жыл басынан бері спортшыларымыз 1 179 медаль жеңіп алды, оның 423-і – алтын. Бұл – олардың табандылығы мен жаттықтырушылардың еңбегінің нәтижесі», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Алматы облысында спорт саласына жеке инвестиция тарту арқылы жаңа нысандар салу жұмыстары да сәтті іске асырылуда. Балқаш ауданының Бақбақты ауылында инвестор қаржысына салынған спорт нысаны биыл мемлекет меншігіне берілді. Ал Талғар қаласында «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясының құрылысы басталды. Мұнда Қазақстан футбол федерациясы заманауи стадион салуды жоспарлап отыр.
Өңір спортшыларын алда жаңа ірі жарыстар күтіп тұр. Облыстың 16 спортшысы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының алдын ала құрамына енді.
Ал 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 20 өкілі өнер көрсетеді. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадраев, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, стенд атудан Әлем кубогының жеңімпазы Асем Орынбай, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионы Едіге Қасымбек және WT таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионы Бейбарыс Қаблан бар.


