
Алматы облысында өрт қауіпті кезең басталғалы мобильді топ 432 рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде 38 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 4 млн 381 мың 670 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы брифинг барысында Алматы облысы ТЖД МӨББ бас маманы, азаматтық қорғау майоры Айғаным Мусекенова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, өңірде өрт қауіпті кезең басталғалы орман шаруашылығы мекемелерінің аумағында бұталы өсімдіктердің 37 рет жану фактісі тіркеліп, өрт 4 951 гектар жерді қамтыған. Келтірілген залал 15 млн 762 мың теңгені құрады.
– Өрт қауіпті кезеңде негізгі міндеттердің бірі – аумақтарды құрғақ өсімдіктерден тазарту, минералдандырылған жолақтар жасау, күштер мен құралдардың дайындығын қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстарды күшейту. Сонымен қатар өрт шығуына кінәлі тұлғаларды анықтап, тиісті жауапкершілікке тартуға ерекше назар аударылуда, – деді Айғаным Мусекенова.
Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында облыстың әр ауданында азаматтық қорғау органдары, полиция, орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінен мобильді топтар құрылған.
– Профилактикалық жұмыстар да күшейтілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында өрт қауіпсіздігі бойынша 652 сөз сөйлеу ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде 913 ақпараттық материал жарияланды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, шаруа қожалықтары және тұрғындармен 591 кездесу өткізіліп, оған 3,5 мыңнан астам адам қатысты, –деді спикер.
Өрт қаупі жоғары аумақтарда 9 арнайы бақылау бекеті жұмыс істеп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жағдай күрделенген жағдайда қосымша авиациялық техника тарту қарастырылған.
Сақтық шаралары 1 қарашаға дейін жалғасады. Осыған байланысты ТЖД тұрғындарды жер учаскелері мен оған іргелес аумақтарды құрғақ шөп пен қоқыстан тазартып, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.


