
Ақжар ауылдық клубында Республика күніне арналған мерекелік концерт өтті
2026 жылғы 23 қазанда Ақжар ауылдық клубында 25 қазан – Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным!» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызын насихаттау.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Алғашқы құттықтау сөз Ақжар ауылдық округінің әкімі Үркінбаев Айдынға сөз берілді. Сонымен қатар Жұбаныш Бәрібаев атындағы жалпы орта мектептің директоры Денгелбаева Назира мерекелік лебізін білдіріп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады.
Концерттік бағдарлама барысында мектеп оқушылары Отанға арналған тақпақтарын оқып, патриоттық әндер орындады. Атап айтқанда, 4-сынып оқушыларының орындауындағы «Көк тудың желбірегені» және «Атамекен» әндері көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар Марат Ақниет әсем әнімен сахна төрін көркемдесе, ауылдың өнерлі апалары Қасабекова Нұржамал мен Құдайбергенова Орынбасар ән шашуын тарту етті. 9-сынып оқушыларынан құралған «Ару би» үйірмесі қазақ биін билеп, ұлттық өнеріміздің әсемдігін көрсетті. Ал «Самал әжелер» үйірмесінің орындауындағы ән мерекелік кештің сәнін келтірді.
Мерекелік концерт барысында туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет пен ұлттық рух кеңінен дәріптелді. Өнерпаздардың өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің мәнін аша түсті.
Республика күні – халқымыздың мемлекеттілігін айқындайтын, тәуелсіздігімізді нығайтып, елдік рухымызды асқақтататын маңызды мереке. Осындай мәдени іс-шаралар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.
Шара соңында ұйымдастырушылар мерекелік концертке қатысқан қонақтар мен өнерпаздарға алғыстарын білдірді.
Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын! Көк байрағымыз биікте желбіреп, Қазақстанымыздың мерейі әрдайым үстем болғай!
#RepublicDayKazakhstan , #Республикакүні
# Балқаш ауданы.


