Ауылдан басталған өнер жолы, биік белестерге басталған қадамдар

634415aa-0c84-41d9-8d64-73d7690e4ec2.jpeg

64a5b3f6-4e04-4073-83e4-3b9ea17be76f.jpeg

b057ae03-2623-49af-aaa6-a3a9aa2761f2.jpeg

Би өнерін ұлықтап, жас таланттардың жұлдызын жаққан жас хореограф Еркежан Қожахан мен оның «Ерке» би ансамблі бүгінде Балқаш ауданының мерейін үстем етіп, аудан намысын республикалық және халықаралық сахналарда абыроймен қорғап жүр.

Өнер – жүрекке жол табатын, ұлттың рухын асқақтататын ерекше құндылық. Ал сол өнердің шырағын жағып, жас ұрпақтың бойына сұлулық пен талғампаздықты, еңбекқорлық пен жауапкершілікті сіңіру – үлкен жүрек пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Осындай жауапты жолды таңдаған жас хореограф Еркежан Қожахан өзінің шығармашылық ізденісі мен шәкірттерінің жетістіктері арқылы көпке үлгі болып келеді.

Оның жетекшілігіндегі «Ерке» би ансамблі – би өнерінің әсемдігі мен терең мазмұнын сахна төрінде танытып жүрген өнерлі ұжым. Алматы облысы, Балқаш ауданы атынан талай байқауға қатысып жүрген ансамбль бишілері әрбір өнер додасында жоғары нәтиже көрсетіп, туған өлкенің абыройын асқақтатуда.

  «Ерке» би ансамблінің жетістіктері аз емес. Алматы қаласындағы «Следуй за своим сердцем 2026» халықаралық би байқауында ансамбль бишілері мен «Жасұлан» балабақшасының бүлдіршіндері 2 Гран-при және 3 Супер Гран-при жеңіп алып, көрермендерді қуантты.

Грузияның Кобулети қаласында өткен @talantykz1 халықаралық байқауында ансамбль мүшесі Ермекқызы Айару да ерекше өнерімен көзге түсті. Ол қазақ биі номинациясында Бас жүлдені иеленсе, испан биі бойынша І орынға қол жеткізді. Бұл – жас таланттың ізденісі мен ұстаз еңбегінің жемісі.

Ал халықаралық «TASHKENT TALENT FEST» фестиваль-байқауында «Ерке» би ансамблі «Bala oiyny» атты қазақ биімен өнер көрсетіп, І дәрежелі лауреат атанды. ТМД деңгейіндегі өнер додасында ұлттық биіміздің көркемдігін танытып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болуы – ұжым үшін үлкен мәртебе.

Сондай-ақ Алматы қаласында өткен @ulzhanaldashova.art_fest байқауына ансамбль сегіз би нөмірін ұсынып, жүлделі орындарға ие болды. Ал, «Следуй за мечтой» байқауындағы Супер Гран-при мен Дубайға жолдама – жас өнерпаздардың бағын ашқан тағы бір айтулы жетістік.

«Ерке» ансамблінің өнері байқау сахналарымен ғана шектелмейді. Ұжым Республика сарайында өткен «Алматыда жаңа әуен» атты концертте «Берен» тобының «Қазақ елі» әніне би қойылымын ұсынып, ән мен биді үйлестіре отырып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Балқаш ауданы өнер мектебінің атынан өткен облыстық «Әншуақ» ән байқауында Ысқақ Қарақат «Ерке» би ансамблінің сүйемелдеуімен өнер көрсетіп, ІІІ орынға ие болды. Бұл да ансамбльдің өзге өнерпаздармен бірлесе жұмыс істеп, шығармашылық ортаға үлес қосып жүргенін көрсетеді.

Бұдан бөлек, ансамбль Алматы телеарнасының «Бала шоу» бағдарламасына арнайы шақыртумен қатысып, телетүсірілімге түсті. Мұндай мүмкіндіктер жас бишілердің сахналық тәжірибесін молайтып, шығармашылық көкжиегін кеңейте түседі.

Әрбір жеңістің артында көзге көріне бермейтін еңбек жатыр. Би қимылдарын қайта-қайта қайталау, қойылымның әрбір бөлшегін жетілдіру, балалардың қабілетін ашу, сахналық мәдениет қалыптастыру – хореографтан зор төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап етеді.

Еркежан Қожаханның еңбегінің құндылығы да осында. Ол балаларға би үйретумен ғана шектелмей, олардың бойындағы талантты танып, өзіне деген сенімін нығайтып, үлкен сахнаға қадам басуына жол ашып келеді. Әрбір шәкірттің жетістігі – ұстаз үшін қуаныш, ал әрбір жеңіс – жаңа белестерге бастайтын күш.

«Ерке» би ансамблінің өнерінен ұлттық болмысқа деген құрметті, қазақ биіне деген сүйіспеншілікті және жас ұрпақтың шығармашылық қуатын көруге болады. Қазақтың ұлттық нақышын заманауи сахналық мәдениетпен ұштастыра білген ұжымның жетістіктері туған жердің өнер әлеуетін де танытып отыр.

Алысқа ұмтылған арман әрдайым үлкен қаладан басталмайды. Кейде ол шағын ауылдағы өнерге құштар баланың алғашқы би қадамынан, ұстаздың сенімінен, ата-ананың қолдауынан бастау алады. Бақанас ауылындағы «Ерке» би ансамблінің жолы – соның жарқын мысалы.

Бүгінде ансамбль бишілері республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, Балқаш ауданының атын танытып жүр. Олардың әрбір марапаты – туған өлкенің өнерге деген ықыласының, жас таланттарға жасалған қолдаудың және ұстаз еңбегінің нәтижесі.

Еркежан Қожахан мен «Ерке» би ансамблінің алдағы уақытта да талай биік белесті бағындырып, қазақ өнерінің мерейін үстем ете беретініне сенім мол. Өйткені шынайы өнердің жолы – үздіксіз ізденіс пен адал еңбектің жолы.

 «Ерке» би ансамблінің шығармашылық жолындағы тағы бір маңызды белес –29 қазанда өтетін «Ерке» би ансамблінің 3 жылдық мерейтойлық концерті. Өнер ұжымының үш жылдық еңбегін қорытындылап, жетістіктерін паш ететін бұл кеште жас бишілердің жарқын қойылымдары көрерменге ерекше көңіл күй сыйламақ. Мерейтойлық кешке арнайы қонақтар ретінде Айкерім Қалаубаева, Ержан Смағұлов және «Берен» тобы қатысады. Кештің жүргізушісі – Райымбек Бекет. 

Бақанас ауылынан бастау алған өнер жолының осындай үлкен сахнаға ұласуы – Еркежан Қожаханның табанды еңбегі мен шәкірттерінің талантына берілген лайықты баға. Үш жыл ішінде талай белесті бағындырған, би өнерінің көкжиегін кеңейтіп жүрген «Ерке» ансамбліне алдағы уақытта да биік белестер, жаңа жеңістер мен толағай табыс тілейміз! 

Еркежанның шығармашылық жолындағы маңызды тіректердің бірі – анасы Рахимова Гүлмира Қожаханқызының қолдауы. Қызының өнерге деген құштарлығын бағалап, оның бастамаларына әрдайым демеу болып жүрген Гүлмира Қожаханқызы бүгінде «Ерке» би ансамблінің продюсері ретінде де аянбай еңбек етіп келеді. Ол ұжымның шығармашылық дамуына үлес қосып, жас бишілердің өнер жолында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне қолдау көрсетуде. Ана мен қыздың ортақ мақсат жолындағы ынтымағы мен өнерге деген сүйіспеншілігі – ансамбль жетістіктерінің маңызды негіздерінің бірі. Бірі – жас таланттарды тәрбиелеп, сахнаға дайындаса, екіншісі – сол өнердің кеңінен танылуына күш салып, ұжымның шығармашылық қадамына қолдау білдіруде. Бұл – отбасы қолдауы мен аналық мейірімнің өнер жолындағы жарқын көрінісі.

Шотбаева Айжан Бахытжанқызы


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Почему строительство АЭС начинается задолго до первого бетона
  • Маршрут Север - Юг и Средний коридор: Казахстан наращивает транзит
  • Ауылдан басталған өнер жолы, биік белестерге басталған қадамдар
  • Заң мен тәртіп
  • Таза Қазақстан