
Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы, қоғамның даму бағытын айқындайтын және әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын басты құжат. Ол елдің саяси жүйесін, мемлекеттік басқару қағидаттарын, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті белгілейді. Сондықтан Конституцияның жаңаруы – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызды кезең, болашаққа бағытталған жауапты қадам.
Жаңарған Конституцияның негізгі мәні – адам мүддесін жоғары қою, заң үстемдігін нығайту, әділеттілік қағидаттарын орнықтыру және қоғамдағы жауапкершілікті арттыру. Өйткені қуатты мемлекет ең алдымен өз азаматтарының құқығы қорғалған, мүмкіндігі тең, пікірі ескерілетін және заңға құрметпен қарайтын қоғам құру арқылы қалыптасады.
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезеңнің басталуына негіз болды. Онда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту секілді маңызды қағидаттар айқындалды.
Конституциялық жаңғырудың маңызды бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру. Әрбір азаматтың өмірі, бостандығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті заңмен қорғалуы тиіс. Адамның құқықтық сауаттылығы жоғары болған сайын, ол өз құқығын қорғап қана қоймай, өзгенің де құқығына құрметпен қарайды. Бұл – өркениетті қоғамның басты белгісі.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты елеулі өзгерістер қарастырылған. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай институтының енгізілуі, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы және Вице-Президент лауазымының бекітілуі мемлекеттік институттардың өзара байланысы мен жауапкершілігін жаңа деңгейде ұйымдастыруға бағытталған. Мұндай өзгерістердің нәтижесі олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді жүзеге асатынымен бағаланатыны анық.
Заң мен тәртіп – тұрақты мемлекеттің тірегі. Қоғамда заңға бағыну тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әрбір азаматтың азаматтық ұстанымы болуы керек. Жол ережесін сақтау, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбау, өзгенің құқығына қол сұқпау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – құқықтық мәдениеттің күнделікті өмірдегі көрінісі. Заң үстемдік құрған жерде әділдікке деген сенім де нығаяды.
Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет пен инновация құндылықтарына ерекше мән берілуі де маңызды. Себебі бүгінгі әлемде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлықпен ғана емес, білімді ұрпақтың әлеуетімен, ғылыми жетістіктерімен және технологиялық дамуымен өлшенеді. Білімді, ізденімпаз, отаншыл жас ұрпақ – еліміздің ертеңгі дамуына жол ашатын басты күш.
Отбасы мен бала тәрбиесі де қоғамның тұрақты дамуының негізі болып саналады. Отбасындағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы тиіс. Балаға қамқорлық жасау, оның сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау – ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті.
Қазіргі кезеңде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірінің барлық саласына әсер етуде. Осыған байланысты жеке деректерді қорғау, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың ақпараттық құқықтарын сақтау мәселелерінің конституциялық деңгейде қарастырылуы заман талабынан туындаған маңызды қадам. Технологиялық даму адам игілігіне қызмет етіп, оның құқықтары мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуі керек.
Күмісбек Ербаев, журналист.


