Кегендік жас сарбаздар енді облыс намысын республикалық финалында қорғайды
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен жүзеге асқан жоба аясында өңірдің барлық аудан-қалаларында іріктеу жарыстары өткізіліп, нәтижесінде 1935 оқушыдан құралған 387 команда бақ сынады. Іріктеу кезеңдерінен суырылып шыққан үздіктер ғана облыстық ақтық сынға жолдама алды.
Облыстық кезең Қонаев қаласында ұйымдастырылып, оған 11 командадан тұратын 55 оқушы қатысты. Олар арнайы дайындалған кедергілер жолағы, әскери эстафета, винтовкамен ату, садақ ату, белтемірге тартылу және ұлттық ойындар бойынша өзара сайысты.
Жарыста «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов Qaisar-дың басты мақсаты жастардың бойында патриоттық рухты оятып, олардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру екенін атап өтті.
«Qaisar» жобасының облыстық кезеңіне қатысқан барлық жас сарбаздармен жүздескеніме қуаныштымын. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз – ата-бабамыздан қалған аманат. Оны қорғау, болашақ ұрпаққа сол күйінде табыстау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. «Жер елге аманат, ел ерге аманат» деген дана сөз бар. Осы сөздің мағынасын жүрекпен сезіне білген ұрпақ қана нағыз азамат болып қалыптасады. Сондықтан біз жастардың бойындағы білімге, тәртіпке және патриоттық санаға негізделген ұстанымдарын қолдаймыз», – деді Ерлан Жакупов.
Сайыс қорытындысы бойынша, Кеген ауданының командасы жүлделі бірінші орынды иеленсе, екінші орынды Іле ауданының оқушылары қанжығасына байлады. Ал үшінші орынға Қонаев қаласының командасы лайық деп танылды. Жеңімпаздарға бағалы сый-сияпаттар табысталды.
Кеген ауданынан келген команданың мүшесі Дінмұхамед Бекен бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін айтып, сайыс барысында тек жарыс емес, үлкен достық пен бірлік қалыптасқанын ерекше атап өтті.
«Бұл күн біз үшін ұмытылмас сәттерге толы болды. Әр кезеңде бар күшімізді салдық, бір-бірімізге сүйеу болдық. Кедергілер де, қарсыластар да мықты еді. Соған қарамастан, біз берілмедік. Жеңіске деген жігеріміз, намысымыз, бірлігіміз бізді алға жетеледі. Енді біз тек Кеген ауданының емес, Алматы облысының намысын республикалық деңгейде қорғаймыз», – деді ол.
Айта кетейік, «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы 2022 жылы «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған. Жоба еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен өтіп, үздік командалар республикалық финалда бақ сынайды.