ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

c02406c3-231d-4019-94c5-b7e534b69cf8.jpg

Аграрлы ауданымызда мал өсірумен тұрақты айналысып жүрген шаруашылықтар  жаз мезгілі басталғалы көк шалғынға шалғы салып, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына жұмыла кірісіп, бұл жауапты науқанды қарқынды жүргізуде.

33a9393f-3113-4d92-ad89-3f06cfb74b66.jpg

Аудан бойынша биылғы жылға 16124,1 гектар суармалы жерге көпжылдық шөп егілген. Шөп орумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар қазіргі таңда көпжылдық шөп егілген суармалы жердің 4580 гектарын шалғыға жығып, 1955 гектар жерді бастырып үлгерген. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына ерекше атсалысып жатқан шаруашылықтардың бірі Ақдала ауылдық округіне қарасты «Бауыржан - 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш шаруашылыққа арнайы атбасын бұрғанымызда ол жердегі жұмыстың қар-балас жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік.

Таңмен таласа тұрып, жұмыс жүйесін қарқын-ды жүргізіп, еңбектің көрігін қыздырып жатқан пішеншілердің қайысы бірін алсаң да атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. «Бауыржан- 7» ЖШС-нің механизаторлары да бұл жұмыстарға әбден машықталып алғандарын аңғардық. Шөп батыру жұмыстарымен тұрақты айналысып жүрген механизаторлар Мәди мен Асқар ағайынды Дүйсембековтар және шөп тиегіш құрылғы орнатылған «МТЗ-80» тракторын тізгіндеген Дидар Құлсейітов өз жұмыстарының нағыз хас шеберлері екен.

Берекелі ырысты ысырапсыз кәдеге асыруды мақсат тұтқан пішеншілер түңгі мезгілде шөп басу жұмыстарын жасаса, шөп ору, бастырылған орамаларды көліктерге тиеу жұмыстары кешкі және таңғы салқын кезеңдерде атқарады. Өйкені осы уақытта пішеншілердің егіс алқапта жұмыс істеулеріне қолайлы.

«Бауыржан- 7» ЖШС-нің тыныс –тіршілігімен жақын танысу барысында ойға түйгенім олар үстіміздегі жылы өздеріне тиесілі  540 гектар суармалы жердің 240 гектарына күріш, 300 гектар жерге көпжылдық шөп екен. Қазіргі таңда көк шалғынның 140 гектарын шалғыға жығып, 35 гектар жерді бастырып, қысқы мал азығын дайындау үстінде. Мұның сыртында «Бейбіт» шаруа қожалығына қарасты 183 гектар суармалы егіс алқабына бидай дәнін сіңірген. Бұл екі шаруашылықтың жұмыс жүйесін бірлесе атқаруы Талғат пен Бейбіт ес-імді ағайынды Сұлтановтардың қос салалы шаруашылықты дамыту жоспарларына енгізілген. Әке жолын жалғаған ағайынды жігіттер «Бейбіт» ШҚ -да ірі қара, жылқы және қой - ешкі төрт түлік түрлерін өсіріп жатыр. Мал басының қыстан аман алып шығу үшін 1500 -ден аса орама шөп, 30 тонна жем дайындау жылдағы дәстүрге айналған.

Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына қажетті техникалары да сақадай сай тұрғанын көрдік. Қосалқы бөлшектері мен жанар - жағар майлары жеткілікті шаруашылықта  екі «Германка», екі шөп престегіш және екі «МТЗ-80» тракторларына шөп тиегіш құрылғы орнатылған. Сондай – ақ алдағы айда атқарылатын бидай ору жұмыстарына екі «Daminator - 204», екі «Енесей- 1200» комбайындарын тастүйін дайындап қойған. Ал астық және шөп тасмалдау тағы басқа жұмыстарға арналған бір Камаз, бір «ЗиЛ-130» автокөліктердің тіркемелері де бар.

Көктемгі дала жұмыстарына бір соқа, бір жер тегістегіш, екі тұқым сепкіш, екі «КА-700», бір «Т-150» тракторлары қолданыста.

Сұхбат барысында шаруашылық басшысы Талғат Сұлтанов шаруашылықтың іргетасы 2001 жылы қаланғанын және 2004 жылдан бері өзінің әке жолын жалғастырып жүргенін айтып, осы жылдар бедерінде өзінің көп тәжірбие жинақтап, егін егу, егін ору, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының қыр-сырын меңгеріп алғанын сөзден іркіп қалмады.

 Іссапардан ойға түйгенімді ортаға салар болсам, шөп ору науқаны айтарлықтай қарқынды жүргізіліп  жатыр. Жаз мезгілі қысқы мал азығын дайындауға өте қолайлы кезең болғандықтан  мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар жем-шөп қорын ерте кезден әзірлеп, қыстың қамын жаз ойлап жатыр.

Әсіресе пішеншілер ауа - райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі жойылмай тұрғанда жинап алуды басты мақсат санап, аптап ыстық күндерге қарамастан дала төсінде тынымсыз еңбек етуде.

                          Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ЕКІ КОМАНДА ОЙЫНШЫЛАРЫ ЧЕМПИОН АТАНДЫ
  • ӘКЕ – ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ
  • ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ
  • АУДАН ӘКІМІ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
  • ВВП Казахстана вырос за пять месяцев на 6 %