Адам еріншектікке салынбай, кез - келген кәсіпті қолға алып, сол кәсіппен тұрақты айналысса, еш уақытта несібесіз қалмайды. Ал еңбек еткен адам қоғамға пайда келтіріп қана қоймай, ол өзінің жарқын болашағына жол аша алады.
Бүгінгі әңгіме кейіпкері де өзінің сүйікті кәсібімен тұрақты айналысып, ел-жұртқа танымал болған диқаншылардың бірі - Алтынғали Қанапиаев.
Ақжар ауылында туып - өскен Алтынғали мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде диқаншы болуға бет бұрып, кейіннен сол кәсіптің қыр – сырын жетік меңгерген азамат.
Адал еңбек пен адал табыс тауып, бау – бақша өнімдерін өсіруді жаны қалаған диқаншы бүгінгі таңда «Ақдала Өтес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабынан 5 гектар суармалы жер алып, оның 4 гектарына картоп отырғызса, қалған егістік алқапқа бақша өнімдерін еккен.
Он саусағынан өнер тамған диқаншы 1995 жылдан бастап, Бақбақты, Береке және Ақдала егіс алқаптарында бау – бақша өнімдерін егумен тұрақты айналысып жүрген еңбек адамы.
Жұмысшы мамандық иесімен арнайы сұхбаттасқанымызда ол «Кез – келген өнімнің жемісті болуы оны күтіп - баптауында. Кәсібіңді жан қалауыңмен жасасаң, қай салада болмасын шыңға шығуға болады» деп, өз кәсібіне деген адалдығын ұғындырды.
Иә, шыныменде «Еңбек адамы» деп өзінің кәсібін терең меңгерген Алтынғали сынды азаматты айтуға болады. Өйткені ол, қоғам тынысына дем беріп, бейнеті мол саланың шын шебері атанған диқаншы Жер-Ананың құт қойнауынан несібе теріп, диқаншылықтың астарында даналық жатқанын сезініп, өз кәсібінің биік белесін бағындырып жүрген еңбек сүйгіш нағыз жұмысшы мамандық иесі.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».