МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КОНКУРССЫЗ ОРНАЛАСУ – ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН ЖАҢА МҮМКІНДІК

Жоғары оқу орнын жақсы нәтижемен тәмәмдаған жастар үшін мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндігі пайда болды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының жаңа «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңында жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мемлекеттік қызметке конкурс өткізбей қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.

Аталған мүмкіндік мемлекеттік қызметке қызығушылық танытатын, білімі мен оқу үлгерімі жоғары жас мамандар үшін маңызды қадам болып табылады.

Кімдер конкурссыз мемлекеттік қызметке орналаса алады?

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын аяқтаған азаматтар оқуын бітіргеннен кейін бір жыл ішінде, дипломындағы GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмаған жағдайда, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс өткізілмей орналасуға мүмкіндік алады.

Бұл ретте 2026 жылдан бастап аталған мүмкіндік тек мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектерге ғана емес, ақылы негізде білім алған түлектерге де берілді.

Алайда конкурссыз орналасу үшін GPA көрсеткішінің жоғары болуы ғана жеткіліксіз. Үміткердің білімі мен мамандығы өзі орналасқысы келетін мемлекеттік лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес болуы қажет. Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабылдауға қойылатын заңнамалық талаптар сақталуы тиіс.

Қандай лауазымдарға орналасуға болады?

Конкурссыз орналасу мүмкіндігі негізінен аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшылық емес және төменгі лауазымдарын қамтиды. Оның ішінде аудан әкімі аппаратының, мәслихат аппаратының төменгі лауазымдарына, ауданның жергілікті атқарушы органдарындағы басшы емес лауазымдарға, сондай-ақ ауылдық округ әкімі аппараттарындағы тиісті лауазымдарға орналасуға мүмкіндік бар.

Бұл тетік, әсіресе, еңбек жолын туған жерінде бастағысы келетін жас мамандар үшін тиімді мүмкіндік. Жас түлек мемлекеттік қызметке алғашқы қадамын конкурссыз бастап, өз білімі мен кәсіби қабілетін тәжірибе жүзінде шыңдай алады.

Ең басты талап – құжаттар мен біліктілік талаптарына сәйкестік.

Конкурссыз қабылдау автоматты түрде кез келген лауазымға тағайындалу дегенді білдірмейді. Үміткердің дипломындағы GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмауы, ЖОО-ны бітіргеніне бір жылдан аспауы, сондай-ақ дипломдағы мамандығы таңдалған лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес келуі қажет.

Яғни жас маман алдымен өз дипломындағы мамандығы мен мемлекеттік органдағы бос лауазымның біліктілік талаптарын салыстыруы керек. Құжаттары талаптарға толық сәйкес келген жағдайда ғана конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылады.

Жастарға жол ашатын мүмкіндік.

Мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу тетігі – білімді әрі білікті жастарды мемлекеттік аппаратқа тартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл мүмкіндік жас мамандарға еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастап, кәсіби тәжірибе жинақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуға жол ашады.

Сондықтан жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен аяқтаған және мемлекеттік қызметке қызығушылық танытатын жастарға осы мүмкіндікті жіберіп алмау маңызды.

Біліміңіз жоғары болса – мемлекеттік қызметке алғашқы қадамыңызды бүгіннен бастаңыз!

Балқаш ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімі.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Заң мен тәртіп
  • Таза Қазақстан
  • Обьявление!
  • Хабарландыру!
  • Оьявление!