
Алматы облысында суицидтің алдын алу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жалғасуда. 2025 жылдың
қорытындысы бойынша көрсеткіштер бірқалыпты оң динамиканы көрсетті. Ересектер арасындағы суицид
әрекеттері 0,3%-ға төмендеді. Бұл туралы Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары
Лейла Серікбаева баспасөз-мәслихатында айтты.
Өңірде кәмелетке толмағандар арасында суицид жағдайы 6%-ға азайды. Ең маңызды жетістік – аяқталған суицид
жағдайларының 3,4%-ға қысқаруы. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы көрсеткіштің 31,5%-ға төмендеуі – дер кезінде
анықтау мен ерте араласу шараларының тиімділігін айқындайтын айқын нәтиже.
2026 жылдың басындағы деректер де оң өзгерістерді растайды: суицид әрекеттерінің жалпы саны өткен жылдың
сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға азайды. Кәмелетке толмағандар сегментінде 20%-ға төмендеу байқалады.
«Гендерлік талдау көрсеткендей, аяқталған суицид жағдайларының басым бөлігі 35–64 жас аралығындағы ер
адамдарға тиесілі (83%). Ал суицид әрекеттері көбіне 18–24 жас аралығындағы жас әйелдер мен кәмелетке
толмаған қыздар арасында тіркеледі. Бұл деректер нысаналы профилактикалық шараларды әр жас және гендерлік
топтың ерекшеліктеріне бейімдеу қажеттігін көрсетеді»,-деді спикер.
Мамандар суицидтік мінез-құлыққа әсер ететін негізгі факторларды атап өтті. Олар:
• Отбасындағы зорлық-зомбылық;
• Алкогольді және психобелсенді заттарды жүйелі қолдану;
• Қаржылық қиындықтар, әсіресе отбасы асыраушысы ретіндегі ер адамдар үшін.
Кәмелетке толмағандар арасында негізгі себептер – отбасылық жанжалдар, тұлғааралық дағдарыстар, әлеуметтік
желілердің теріс ықпалы, буллинг және ата-анамен сенімді қарым-қатынастың болмауы.
Осы факторларды ерте кезеңде анықтау мен кешенді қолдау тетіктерін енгізу – алдын алу жұмысының өзегі болып отыр.
Бүгінде облыста 2024–2026 жылдарға арналған аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі Жол картасы
табысты іске асырылуда. Оның аясында барлық жас санаттары арасында буллингтің, лудоманияның, психобелсенді
заттарды қолданудың және өзге де тәуекел мінез-құлықтардың алдын алу бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру
іс-шаралары ұйымдастырылды.


