БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕ ОРНАҒАН ШАҢЫРАҚ

jh.png

23.png

54.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы 2024 жылы бекітілген.  Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыз  Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасып, тойланып келеді.  Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы, он күн бойы өтетін салтанат ізгі амалдарға, мәдени сауық кештер мен әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналып ерекше тойлануда.

Наурызнама – көктемгі жаңару мерекесіне арналған ұлттық іс-шаралар мен салттардың жиынтығы. Тарихи деректерде қазақ даласында Наурыз бірнеше күн бойы тойланып, түрлі дәстүрлі рәсімдер өткізілгені айтылады. Бүгінде сол дәстүр жаңарып, он күндік мерекелік бағдарламаға айналды.

 Ал, 17 наурыз Наурызнама онкүндігінің төртінші күні – «Шаңырақ күні» деп жарияланған. Бұл күні отбасы, ұрпақтар сабақтастығы, үлкендерге құрмет, кішіге ізет көрсету және отбасылық құндылықтары дәріптеуге бағытталған мереке.

Осынау айтулы күнге орай Бақанас мектеп – интернатында «Бірлік пен береке орнаған шаңырақ» тақырыбында мерекелік кеш болып өтті. 

Мерекелік кеште аталмыш білім шаңырағында білім алып жүрген оқушыларға наурыз көже таратылып, сый-сияпаттар жасалды. Той көрігін қыздарған әншілер әуелете ән шырқап, көпшіліктің көңілін көкке бір көтеріп тастады.

     Тәрбелік мәні зор мерекелік кеште құттықтау сөз кезегін алған құрметті қонақтар, бұл күн Наурыз мейрамы қарсаңындағы маңызды күндердің бірі болып саналатынын және отбасы құндылықтарын бірлік пен татулықты дәріптеуге арналғанын, сонымен қатар «Шаңырақ» – ұлтымыздың мәдениетінде отбасының, ошақтың және тұтастықтың, береке мен бірліктің символы екенін айтты. Сонымен қатар осы күні әрбір отбасы ата-бабадан қалған асыл мұраларды еске алып, ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды ұлықтайтын ерекше мереке екеніне баса тоқталып, мерекелік кештің жоғары деңгейде өткізілуіне демеушілік көрсеткен ауданның Құрметті азаматтары Нарымбет Әбдібаев пен Асқар Ибраевқа ризашылдықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

          Шаттық нұрға бөленген мерекелік кеште республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрген эстрада әншілері Айбек Мұхамедәлі, Айбек Қалыбаев және Сәуіржан Төлеш, сонымен қатар аудан өнерпаздары Айбын Батырбаев, Алмабек Садықов, Гүлмира Қасабекова, Нұрдәулет Мейрамбек, Айбол Жолдас әннен шашу шашты.

 Өзінің жүрекжарды құттықтау тілеген арнаған мектеп кітапханасының кітапханашысы Жанна Нақақызы оқушыларға мерекелік кеш сыйлаған өнерпаздар мен демеушілерге ұжым атынан ризашылығын білдіріп, іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен Балқаш жолдары мекемесінің басшысы Асқар Серікжанұлына сый-сияпат жасады.

Мерекелік кешті қорытындылаған Бақанас мектеп – интернат директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлжаһан Дүмшебаева іс-шараға атсалысқандарға ризашылығын білдіріп, оқушыларға ақ тілегін арнады.

Іс-шара соңында ұймдастырушылар мен демеушілер естелік суреттерге түсіп, мәре-сәре болып тарқасты.

Осылайша Бақанас мектеп-интернатында ұйымдастырылған наурызнама онкүндігінің шаңырақ күні ерекше аталынып өтті.

Бұл білім ордасында бірнеше отбасының балалары бір шағырақ астында білім алып, тәрбиеленіп жатыр. Олар үшін осындай іс-шараны ұйымдастырудың тәрбиелік мәні зор.

 Дана халқымызда  «Жерде бір бала қуанса, көк­­те мың періште шаттанады» деген қататты сөз бар. Балалардың шат күлкісі үшін қайырымдылық іс жасап жүрген азаматтардың бұл тағы бір ізгілікке толы қайырым істері деп ойлаймыз.   

  Көктемнің шуақты мезгілімен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні – халқымыздың ең қастерлі әрі көне мерекелерінің бірі. Табиғат түлеп, күн мен түн теңесетін мезет адам баласының да рухани жаңарып, жаңа бастамаларға бет бұратын шағын білдіреді. Сондықтан Наурыз – тек табиғаттың жаңаруын бейнелейтін мереке ғана емес, адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, береке мен бірлікті дәріптейтін ерекше мейрам.

Сонымен қатар наурыз барша қазақ халқының қастерлейтін мерекесі.  халқымыздың тарихы ұзақ, өміршеңдігі күшті, қазақы салт- дәстүрді негізгі өзек еткен бірден-бір ұлттық мерекесі. Ол қазақ халқының ұзақ уақыттық қоғамдық өмір ісжүзіндігінен (практикасынан) туындап, бірге жасап келе жатқан аса мерейлі мейрам. Осы бір киелі мерекені «Парсы тіліндегі (нау- жаңа, рұз- күн) деген мағнадағы сөздеріне теліп, маңдайымызға сидыра алмай Парсыларға қос қолдап ұсынғысы келіп жүрген таяз талғам, тар өрісті, «құлшылдыққұмар» шырмауынан шыға алмай жүргендер де жетеді арамызда.

      Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».

 

  

   

  

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «НАУРЫЗ»-ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ МЕРЕКЕСІ
  • "Stop Corruption” — путь к честному обществу!
  • Stop Corruption” — адал қоғамға бастар жол!
  • Амал келді – жыл келді
  • ШАҢЫРАҚ – ШАТТЫҚ МЕКЕНІ: ТОПАРДАҒЫ ТАНЫМДЫҚ КВЕСТ