
Қазіргі таңда интернет пен қызмет көрсету саласында алаяқтық әрекеттер жиі кездеседі. Әсіресе, онлайн курстар арқылы
оңай табыс табуды уәде ететін күмәнді ұсыныстар көбейіп отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай курстардың бірқатары
халықты «тез байлыққа жетесің» деген құрғақ уәдемен алдап, олардың қаражатын заңсыз иемденуде.
Дегенмен, әрбір тұтынушы өз құқықтарын білуі тиіс. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау
туралы» заңнамасы азаматтарды осындай жағдайларда қорғауға мүмкіндік береді. Мәселен, күмәнді қызметке тап болмас
үшін ең алдымен компанияның байланыс деректерін, заңды тіркелуін және төлем реквизиттерін мұқият тексеру қажет.
Егер сатып алынған курс немесе қызмет уәде етілген талаптарға сай келмесе, тұтынушы сотқа дейінгі талап-арыз жолдап,
төленген қаражатты қайтаруды талап ете алады. Мұндай жағдайда барлық дәлелдерді — чек, хат алмасу жазбалары
мен скриншоттарды сақтау аса маңызды.
«Алматы облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жыл басынан бері 50-ге жуық шағым
түскен. Оның 10-ы қаралып, қалғаны тексеру сатысында тұр»,- Алматы облысы сауда және тұтынушылардың құқығын
қорғау департаментінің бас маманы Дина Сенбекова.
Мамандардың айтуынша, тұтынушыларға қатысты алаяқтық фактілері анықталған жағдайда департамент келесі
шараларды қолдана алады:
• Компания қызметін тексеру (жоспардан тыс бақылау жүргізу);
• Құқық бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беру;
• Тұтынушыға төленген қаражатты қайтаруды міндеттеу;
• Әкімшілік жауапкершілікке тарту (айыппұл салу);
• Тауарды немесе қызметті сатуға және жарнамалауға уақытша тыйым салу.
Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты белгіленеді: жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік
көрсеткіш (АЕК), шағын бизнеске – 20 АЕК, орта бизнеске – 30 АЕК, ірі бизнеске – 50 АЕК.
Сондықтан мамандар азаматтарды сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және кез келген қызметті сатып алмас
бұрын оның заңдылығын тексеруге шақырады. Өз құқығын білетін тұтынушы ғана алаяқтықтың құрбаны болмайды.


