
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өз жалғасын тауып, экологиялық жағдайды жақсартуға және аймақты көгалдандыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Мұндай ауқымды іс-шара осы аптаның сәрсенбісі күні Балқаш ауданының барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Ал аудан орталығында аудандық мекеме – ұйымдардың қызметкерлері және ауыл тұрғындары мен жастар қауымының атсалысуымен Бақанас ауылына кіреберіс жол бойына 800 түп қарағаш көшеттері отырғызылып, жол бойы қоқыстары тазартылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Азат Құтпанбетов сөз кезегін алып «Таза Қазақстан» акциясы - біздің туған жерімізге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған бағдарлама екенін айтып, жиналған көпшілікті туған жеріміздің табиғатын аялауға шақырды.
Келесі кезекте сөз алған аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, ауданның Құрметті азаматы Балапан Әділханова және аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров аудан тұрғындары туып-өскен өлкеміздің тазалығын бірге сақтап, тазаланған жерлердің қайта ластанбауына атсалысса деген пікірлерін білдіріп, жиналған көпшіліктің атқарар жұмысына сәттілік тіледі.

Қоршаған ортаны көкалдандыруға бағытталған акцияның негізгі мақсаты – ауыл аумағын көгалдандыру, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғауға қоғамның назарын аудару.
Бұл игі бастама аудан орталығының келбетін көріктендіріп қана қоймай, болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл акция ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға және табиғатқа туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарауға шақырады.
Өз тілшімізден.


