

Астана қаласында өткен халықаралық «PRO.NRG FEST» ғылыми фестивалі аясындағы ITEX халықаралық конгресінің республикалық кезеңінде Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздары үлкен жетістікке жетті. «Шабыт» командасы «3D қазақ оюлары» жобасымен үздік деп танылып, Италияға жолдама алды.
Осы орайда Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов жеңімпаз ұстаздарды арнайы қабылдап, шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы білім саласының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, ұстаздарға құрмет көрсетіп, сый-сияпаттар табыстады. Сонымен қатар, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтындықтарына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, «Шабыт» командасының құрамында Альвира Халықова, Меруерт Достемесова, Үміт Мырзагулова және Аяулым Қуаныш бар. Олар STEM бағыты мен ұлттық құндылықтарды ұштастырып, қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін заманауи 3D форматта ұсынған.
Бұл жетістік – аудан білім саласының дамуының айқын көрінісі. Енді ұстаздар Италияның астанасы Рим қаласында өтетін халықаралық кезеңде еліміздің намысын қорғайды.
Осындай жеңістер жас ұрпаққа үлкен мотивация беріп, ғылым мен білімге деген қызығушылықты арттыра түседі.


