БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНА 1 ЖЫЛ ТОЛДЫ

1.JPG

Ұзақ жылдар бойы тынымсыз жұмыс істеп, зейнет жасына жету де адам баласы үшін шын бақыт. Бірақ зейнеткерлікке шыққан адамдар көп жағдайда өздерін қоғамға енді керексіз сезініп, түрлі ойға беріліп, жалғызсырап,  тіпті күйзеліске бой алдырып, денсаулығынан айырылып жататыны жасырын емес. Сондықтан егде тартқан адамдардың  көңілін аулап, бір мезет серігулеріне жағдай жасау мақсатында еліміздің бірқатар өңірлерінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылып, нәтижелі жұмыстар жасап жатыр. Бұл – мемлекет ұсынған әлеуметтік үлкен маңызға ие жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев еліміз бойынша егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту әрі ұзарту мақсатында көптеген қолдауларды көрсетіп келеді.

Аға буын өкілдерін қоғамның мәдени өміріне араластыру, оларға қолдау көрсету мақсатында аудан орталығынан облыстық Белсенді ұзақ өмір орталығының Балқаш ауданы бойынша филиалы ашылған болатын. Ол жерде зейнет жасына жеткен аға буын өкілдері бос уақыттарын көңілді өткізу үшін қолына ине мен жіп алып, керемет дүниелер жасайды. Сонымен қатар түрлі спорттық жаттығулар жасап, бір – бірімен әңгіме өрбітіп, көңіл көтеріп, емдік дене шынықтыру, шахмат, тоғызқұмалақ, жадты нығайту, скандинавиялық жаяу жүру, ІТ сауаттылық, еңбек терапиясы, йога, цигун және би билеп, ән шырқайды.

3.JPG

Осы аптаның бейсенбісі күні аудандық спорт кешенінен ашылып, өз жұмысын тұрақты атқарып, жемісті жұмыс жасап жатқан аталмыш орталықтың ашылғанына бір жыл толуына орайы мерекелік кеш болып өтті.

Мерейлік кешке арнайы келген құрметті қонақтар алдымен орталықтың жұмысымен танысып шықты. Мұнан соң аудандық Мәдениет үйінде арнайы дайындалған көрмені тамашалап, «Белсенді ұзақ өмір орталығының» бір жыл ішінде атқарған жұмыстарымен танысып, ол жерден қызмет алушылардың қолөнерін, олардың бағындырған биік белестері жайында мол мағлұмат алды.

2.JPG

Мәдени шарада алғашқы сөз кезегін алған облыстық Белсенді ұзақ өмір орталығының Балқаш ауданы бойынша филиалының кеңесшісі Күләш Ахмадиева баяндамысын жасап, осы уақыт бедерінде аталмыш орталықтың атқарған жұмыстарын және бұл орталықта қанша адамның қызмет алып жүргенін, сонымен қатар олардың жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталып, алдағы уақытта атқаратын жоспарлы жұмыстарын да қамтып өтті.

Белсенді ұзақ өмір орталдығының жұмысына ризашылығын білдірген аудан әкімі Азат Құтпанбетов өзінің құттықтау тілегін білдіріп, мерекелік шараға арнайы келген Алматы облысының Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, «Белсенді ұзақ өмір орталығының» облыстық координаторы Гүлнар Жошыбаева мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Белсенді ұзақ өмір орталығы филиалының директоры Жания Сақташеваны Алғыс хатпен марапаттады.

Келесі болып сөз кезегін алған құрметті қонақтар да аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев та бір жыл бұрын құрылып, бүгінде көш ілегері қадам басқан орталықтың жетістіктері жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, ризашылықтарын білдірді.

Аталмыш орталықтан қызмет алушылар сахна төрінде өз өнерлерін көрсетіп, әуелете ән шырқап, мерекелік кештің көрігін қыздырып, көрермен қауымды таң - тамашаға бөледі.

Иә, аталмыш орталықтың қоғам үшін маңызы өте орасан. Аға буын өкілдеріне көрсетіліп отырған қамқорлықтың айқын дәлелі деп те айтуға толықтай болады.

Өмірі өнегеге толы қазыналы қарты бар елдің қашанда берекесі арта түсетіні сөзсіз.

«Қариясы бар үйдің - қазынасы бар» демекші, әрбір үйдің шамшырағы болып, берекесін келтіріп отырған егде жастағы азаматар мен қарияларымыз қашанда аман болсын деген тілекті айтудан еш жалықпайық, ағайын!

    Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • ҚОС КОМАНДА ОЙЫНШЫЛАРЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
  • ӨРТКЕ ҚАРСЫ ТАКТИКАЛЫҚ ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
  • БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫН ЕСКЕ АЛДЫ
  • ЖАЙДАРМАН ЖАҢАЛЫҚ
  • КІТАП – ӨРКЕНИЕТКЕ ЖОЛ АШАДЫ