
Қонаев қаласында «Әділет» партиясы Алматы облыстық сайлауалды штабының ашылу рәсімі өтті.
Осылайша партия өңірдегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына ресми түрде кірісті. Бұл туралы облыстық филиалдың төрағасы Данияр Қасқарауов мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыстық штабтың құрамына 106 адам енген. Сонымен қатар барлық қала және аудан деңгейінде штабтар жасақталып, олардың құрамында 407 штаб мүшесі жұмыс істейді.
«Алдымызда жауапты саяси науқан тұр. Сондықтан сайлауалды жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, тұрғындармен тиімді байланыс орнату – штабтың басты міндеті», – деді Данияр Қасқарауов.
Партия сайлауға «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасымен қатысады. Құжатта ел дамуының жеті стратегиялық мақсаты мен он негізгі басымдығы қамтылған. Олар: «Заң және тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер – қуатты ел», «Цифрлық мемлекет», «Әділ әрі бәсекеге қабілетті экономика», «Әлеуметтік ынтымақ және атаулы қолдау», «Адами капиталға инвестиция», «Жаңа мәдениетті қалыптастыру және ұлт болып ұйысу», «Таза Қазақстан» және «Жауапты орта держава».
Айта кетейік, сайлауалды науқан барысында өңірде 1300-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Оған штаб мүшелері мен Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар қатысып, облыстың барлық қала-аудандары мен ауылдарында тұрғындармен кездесулер өткізеді.


