Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық: ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқын алды

fhyy.png

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасында алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Осы маңызды саяси науқанға дайындық аясында еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде Алматы облысында да кең көлемді ұйымдастырушылық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сайлау науқанының басты мақсаты – азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуына жағдай жасап, олардың өз құқықтары мен мүмкіндіктері туралы толық әрі сенімді ақпарат алуын қамтамасыз ету.

Бүгінде өңірлерде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы күшейтіліп, комиссия мүшелеріне арналған арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы тексеріліп, дауыс беру күні барлық процестің заң талаптарына сәйкес өтуіне баса назар аударылуда.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Бұқаралық ақпарат құралдары, ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы сайлауға қатысты маңызды мәліметтер халыққа тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Азаматтарға сайлау күні, дауыс беру тәртібі, сайлаушының құқықтары мен міндеттері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар тұрғындардың өз сайлау учаскесін алдын ала анықтауына мүмкіндік жасалған. Алматы облысының тұрғындары сайлау учаскесі туралы ақпаратты 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы немесе sailau.almobl.kz ақпараттық сервисінде ЖСН енгізу арқылы біле алады. Бұл азаматтарға дауыс беру күніне алдын ала дайындалуға және уақытты тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар да сайлау науқанының ашық әрі әділ өтуіне бағытталған жұмыстарды үйлестіруде. Сайлау учаскелерінің қолжетімділігі, қауіпсіздігі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Құрылтай депутаттарының сайлауы – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға қатысуы, өз таңдауын жасауы және азаматтық белсенділік танытуы елдің демократиялық дамуына қосылған маңызды үлес болмақ.

Сайлау – әр азаматтың конституциялық құқығы әрі ел болашағына бейжай қарамайтын жауапты таңдауы. Осыған байланысты барлық тұрғындар 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырылады.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайлау алдындағы үгіт: саяси партиялардың рөлі
  • Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық: ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқын алды
  • Салауатты өмір сүр
  • Жол қауіпсіздігі
  • * Жасанды интеллект, болашақ мамандықтар және ауылдағы кадрлар: партиялар теледебатта нені талқылады