Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл өнерімізді дәріптеу, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттауды мақсат еткен «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет күні бүгін болып өтті.
Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл мәдени шараға аудан әкімі Азат Құтпанбетов,Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров бастаған құрметті қонақтар қатысты. Мәртебелі меймандардың сапары Бақанас ауылындағы Д. Қонаев атындағы саябақта орналасқан Ұлы тұлғаның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Бұдан кейін қонақтар аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап, туған өлкенің тарихымен, өткенінен сыр шертетін құнды жәдігерлерімен танысты.
Бұдан кейін құрметті қонақтар аудандық Мәдениет үйіне табан тіреген сәттен-ақ оларды аудан өнерпаздары ұлттық аспаптармен әуелете әндетіп қарсы алды.
Келесі кезекте қонақтар аудандық кітапхана қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Кітап көрмелері мен рухани-танымдық бағыттағы жұмыстарға назар аударып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл бөлді.
Мәдениет үйінің ішінде ұйымдастырылған көрмеде білім саласының жетістіктері мен қолөнер шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан соң көпшілік аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға жиналды. Мерекелік кештің шымылдығын «Бақанас театрының» өнерпаздары ашып, аграрлы өңірдің тыныс-тіршілігін, егін жинау науқанының қызу еңбегін бейнелейтін сахналық қойылым ұсынды. Қойылымда дала төсіндегі еңбек, диқанның маңдай тері мен берекелі тіршіліктің көрінісі көркем тілмен өрнектелді.
Мерекелік шарада жиналған жұртшылықты аудан әкімі Азат Құтпанбетов құттықтап, ауылдың ел өміріндегі орны мен ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызына тоқталды.
Концерттік бағдарлама барысында аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, бишілер мың бұрала би биледі.
Іс-шара соңында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров сөз сөйлеп, «Ауылым – алтын бесігім» мәдениет күнінің облыс көлемінде бірқатар аудандарда өткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ мәдениет пен ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып жүрген өңірлердің еңбегі бағаланып, үздік өнер көрсеткен аудандардың марапатталатынын жеткізді.
“Балқаш-ақпарат”.
#RepublicDayKazakhstan , #Республикакүні
#Балқаш ауданы.


