Алматы облысында балабақшаларға ваучерлік жүйе енгізілді

9c6378de-87e7-4957-af8d-539b83ae98ba.jpg

    Алматы облысында мектепке дейінгі білім беру саласы жаңа қаржыландыру жүйесіне көшіп жатыр. Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева мәлімдеді.

    «2024 жылдың 30 желтоқсанында ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен №372 бұйрығына сәйкес, Алматы облысында мектепке дейінгі ұйымдарға ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық режимде енгізіліп отыр. Бұл – мемлекеттік тапсырысты әділ, ашық бөлуді қамтамасыз етуге, ата-ананың таңдау құқығын кеңейтуге және балабақшалар қызметінің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді Диана Онбырбаева.

    Жаңа жүйе бойынша балалар 21 әлеуметтік санат арқылы кезекте тұрады.

    Ата-аналар арнайы ақпараттық жүйе арқылы онлайн өтініш береді. Ваучер берілгеннен кейін, 2 жұмыс күні ішінде балабақшамен келісімшартқа отыру қажет. Бұл процестің бәрі электронды форматта, ашық жүргізіледі.

    Сонымен қатар, балалардың балабақшаға баруы Face ID технологиясы арқылы бақыланады. Бұл цифрлық бақылау жүйесі арқылы ата-ана баласының балабақшаға нақты қашан барғанын, қай уақытта шыққанын онлайн көре алады. Жүйе жалған есептерді жойып, бюджетті тиімді игеруге жол ашады.

    Егер бала 40 күннен артық балабақшаға келмесе немесе қатарынан 2 ай қатыспаса, ваучердің күші жойылады. Сондай-ақ, құжаттарда бұрмалау фактісі анықталса, қаржыландыру автоматты түрде тоқтатылады.

    Бұл жүйенің басты артықшылықтары:

    Ата-ана өзі қалаған балабақшаны таңдай алады;

Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар бірдей мүмкіндікке ие болады;

Қаржыландыру тек нақты көрсетілген қызметке төленеді;

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай төмендейді.

Жоба – мектепке дейінгі білім беру саласындағы қолжетімділік пен сапаны арттыруға, ең бастысы – халықтың сенімін нығайтуға бағытталған. Бұл өзгеріс – ата-анаға таңдау еркіндігін беретін әділетті жүйе.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • День металлурга в Казахстане — 20 июля
  • Алматы облысында балабақшаларға ваучерлік жүйе енгізілді
  • 2025 жылы мал шаруашылығын субсидиялау жүйесі жаңаша форматта іске асырылады
  • БҰЛ ЖЫЛ ЖАСТАРҒА ҮЛКЕН МҮМКІНДІК БЕРУДЕ
  • ӨЗ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ