
Облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының саны жыл сайын артып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркебұлан Ахметов мәлімдеді.
Биылғы жылдың 10 айында облыс жолдарында 3020 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,3 пайызға көп. Апаттар салдарынан 304 адам қаза тауып, 4539 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Өткен жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 296 және 3392 адамды құраған.
Ахметовтің сөзінше, жол апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы. Осыған байланысты жол қозғалысын реттеу және апаттардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 16 жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген. Олардың қатарында «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Абайлаңыз, балалар» секілді акциялар бар.
Іс-шаралар барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтар ерекше бақылауға алынған.
Сонымен қатар, заманауи цифрлық бақылау жүйелері де жол қауіпсіздігін арттыруға өз үлесін қосуда. Ахметовтің айтуынша, облыс жолдарында 325 автоматтандырылған бақылау кешені жұмыс істейді. Олар арқылы жыл басынан бері 563 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 7 миллиард 888 миллион теңге айыппұл салынған.
«Бұл кешендерге “Қорғау” мобильді қосымшасы қосылған. Оның көмегімен жалған нөмірлі көліктер мен айыппұл төлемеген жүргізушілер анықталады», – деді спикер.
Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерлері 21 жылжымалы бақылау кешенін қолдануда, оның ішінде 11-і жасырын түрде ереже бұзушылықтарды тіркейді. Сондай-ақ дрон құрылғылары да қарсы бағытқа шығу сияқты өрескел бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Жол қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қатаң бақылауда ұсталып отыр.


