
Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі ең алдымен олардың азаматтардың өмір сапасына тигізетін әсерімен бағалануы тиіс екенін атап өтті. Соның нақты мысалы – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Жоба аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 млрд доллар көлемінде қаражат аударылған. Бұл бастама жас ұрпақтың болашағына қаржылық негіз қалыптастырып, жинақталған қаражатты білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ұсынылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірлердің дамуына тың серпін бермек. Жоба аясында еліміздің барлық аймағында жаңа мектептер, балабақшалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт кешендері мен мәдениет нысандарын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, әуежайлар, теміржол вокзалдары мен автомобиль жолдарын дамытуға басымдық беріледі. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атом, су және жылу электр станцияларын салу мәселесі де назардан тыс қалмайды. Мұндай бастамалардың басты мақсаты – халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырып, елдің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалау.


