Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілді

55d0f1f4-62d5-497d-ac45-f0e78aaaf721.jpeg

1194b316-6546-4a4f-ae85-fdef60809169.jpeg

Қазақстан алғаш рет БҰҰ рейтингінің үздік 20 елі қатарына және ең жоғары рейтингтік санатына енді

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді. Екі жыл ішінде 8 сатыға жоғарылау БҰҰ баяндамасында көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі ілгерілеудің бірі ретінде аталды. Қазақстан осындай деңгейге жеткен өңірдегі алғашқы ел болды. Бұл нәтиже Мемлекет басшысының Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі тапсырмасын іске асырудың және мемлекеттік басқаруды трансформациялаудың негізгі құралы ретінде жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берудің тікелей нәтижесі.

Ең жоғары рейтингтік санатқа электрондық үкіметі барынша дамыған әлемнің 21 мемлекеті кіреді. Қазір Қазақстан Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ-пен бір қатарда. 2026 жылы бұл санатқа алғаш рет бар болғаны үш ел: Қазақстан, Ирландия және Польша енді.

Екі жыл ішінде Қазақстан 2024 жылы рейтингте өзінен жоғары тұрған Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып кетті. Ел индексі әлемдік орташа көрсеткіш 0,6675 болған жағдайда 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті.

Екі жыл ішінде цифрлық мемлекет құрудың үлгісі ретінде танылған Эстониямен арадағы алшақтық төрт есе қысқарды. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тағы да бірінші орында. Әлемдік рейтингте Өзбекстан 32-орында, Әзербайжан 38-орында, Ресей 50-орында тұр.

Өсім негізгі бағыттардың барлығы бойынша қамтамасыз етілді. БҰҰ байланыс саласындағы айтарлықтай ілгерілеуді атап өтті: мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейі бойынша Эстониямен теңесті. Азаматтар цифрлық сервистерді белсенді әрі сенімді пайдалана бастады: цифрлық сауаттылық көрсеткіші шамамен 1,5 есе өсті, ал білім мен дағдылар деңгейі бойынша ел 42-орыннан шамамен 28-орынға көтерілді. Цифрлық үкіметтің құқықтық базасы БҰҰ тарапынан ең жоғары бағаға ие болды.

БҰҰ баяндамасында Орталық Азия 2026 жылдың басты табыс тарихтарының бірі ретінде аталды. eGov.kz және eGov Mobile экожүйесі интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі ретінде, ал alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу, стартаптар және қолданбалы жасанды интеллектіні дамыту алаңы ретінде атап өтілді. БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан қол жеткізген жоғары деңгейіне сүйене отырып, өз позициясын одан әрі нығайтып келеді. Мұндағы жетістік жекелеген сайттардың дамуымен ғана шектелмейді, ол мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл платформаларын, цифрлық сәйкестендіруді, мобильді сервистер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарын біріктіретін бірыңғай жүйенің қалыптасуымен байланысты.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Таза ауыл – жарқын болашақ»
  • «Көңілді үзіліс»
  • «Президент Жолдауы – ел дамуының бағдары»
  • «Ілмекпен тоқу»
  • Казахстан поднялся на 16-е место в рейтинге ООН по развитию электронного правительства