
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан жаңарып, халықаралық аренадағы беделін нығайтқан мемлекет ретінде жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Соңғы жеті жылда елде ауқымды саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Соның ішіндегі маңызды қадамдардың бірі – жаңа Конституцияның қабылдануы. Бұл өзгерістер мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындап, қоғамдық жаңғыруға тың серпін берді.
Мемлекет басшысы қоғамда әділдік, адал еңбек, жауапкершілік және заң үстемдігі қағидаттарын орнықтыруға ерекше мән беріп келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және еңбек адамына құрмет көрсету осы бағыттағы негізгі құндылықтарға айналуы тиіс. Елдің өркендеуі тек мемлекеттік бастамаларға ғана емес, әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан адалдықты ұстану, қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаға құрметпен қарау және ел дамуына үлес қосу қазіргі азаматтық мәдениеттің басты өлшемдері болуы қажет.


