2026 жылғы 1 сәуірден бастап мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жаңартылып, іріктеу процесі толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі. Енді үміткерлер конкурсқа қатысу үшін өтініштерін онлайн түрде eqyzmet.gov.kz сыртқы интернет-порталы арқылы береді. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерінің ашықтығын арттырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар мемлекеттік тілді және заңнаманы білуге арналған тестілеуден, сондай-ақ жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтуі тиіс. Заңнаманы білуге арналған тестілеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бойынша жүргізіледі. Барлығы 55 сұрақтан тұратын тестілеуде кемінде 30 дұрыс жауап беру қажет және әрбір нормативтік құқықтық акті бойынша кемінде 5 дұрыс жауап болуы тиіс.
Жеке қасиеттерді бағалау тестілеуі үш бағдарлама бойынша өткізіледі. Бірінші бағдарлама басшылық лауазымдарға арналған және онда көшбасшылық, стратегиялық ойлау, жауапкершілік, нәтижеге бағдарлану сияқты 10 құзырет бағаланады. Екінші бағдарлама басшылық емес лауазымдарға арналған және 7 құзыретті қамтиды. Үшінші бағдарлама жұмыс өтілін талап етпейтін төменгі әкімшілік лауазымдарға арналған, онда үміткердің эмоционалдық, әлеуметтік және логикалық ойлау қабілеті бағаланады.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері мен жеке қасиеттерді бағалау қорытындылары тест тапсырылған күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады. Осы мерзім ішінде кандидаттар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатыса алады. Сонымен қатар, жеке қасиеттерді бағалау тестілеуін ай ішінде үш ретке дейін тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Конкурсқа қатысу үшін ең жоғары балл жинаған ТОП-5 кандидат жіберіледі. Кандидаттар конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттарды жеке кабинет арқылы жолдайды. Құжаттарды растау кезінде электрондық еңбек кітапшасы немесе білім туралы құжаттардың көшірмелері eGovMobile, Kaspi.kz қосымшалары арқылы ұсынылуы мүмкіндіктері бар. Алайда білім туралы құжаттардың қосымшаларыда қоса берілуі тиіс.
Басшылық лауазымдарға үміткерлер үшін қосымша кезеңдер қарастырылған. Олар 250 сөзден аспайтын эссе жазып, бейнебайланыс арқылы өтетін әңгімелесуден өтеді. Ал басшылық емес және төменгі лауазымдарға үміткерлер практикалық тапсырмаларды орындайды. Бұл тапсырмалар аналитикалық жазба дайындау, ресми хат әзірлеу немесе өтініштерді қарау сияқты жұмыстарды қамтиды.
Практикалық тапсырмалар конкурстық комиссия мүшелері тарапынан келесі жұмыс күні ішінде бағаланады. Жүйе барлық нәтижелерді автоматты түрде есептеп, ең жоғары жиынтық балл жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады. Егер бірнеше кандидаттың баллдары тең болса, еңбек өтілі мен білім деңгейі ескеріледі.
Жалпы конкурс рәсімдерінің ұзақтығы орта есеппен 5–7 жұмыс күнін құрайды. Оның ішінде құжаттарды қабылдау және қарау үш жұмыс күнін алса, конкурс кезеңдері 3–4 жұмыс күні ішінде өткізіледі.
Жаңа тәртіп мемлекеттік қызметке қабылдау процесінің тиімділігін арттырып, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Онлайн форматтың енгізілуі кандидаттарға конкурсқа қатысуды жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет жүйесінің заманауи талаптарға сай дамуына мүмкіндік береді.
А.ЕРЛАН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Алматы облысы бойынша депаратамент мемлекеттік қызмет басқарма басшысының міндетін атқарушы.


