Дәстүр дәріптелген, мейірім үлестірілген кеш

image.png

Көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы халқымыз үшін ерекше мәні бар мереке. Табиғат түлеп, күн мен түн теңелетін бұл күні адамдар бір-біріне ізгі тілектер айтып, татулық пен бірлікті дәріптейді. Наурыз – жаңару мен жақсылықтың, молшылық пен берекенің символы.

Осы мерекеге орай Балқаш ауданы кітапханасы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Балатопар ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Наурызым – нұрлы ырысым» атты әңгіме-репортаж өткізілді. Шараның басты мақсаты – оқырмандарға Наурыз мерекесінің мән-маңызын таныстырып, халқымыздың бай салт-дәстүрін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

          Шара барысында кітапхана төрінде Наурыз мерекесіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға ұлттық дәстүрлер мен көне мерекенің тарихы туралы мағлұматтар берілді. Әңгіме барысында қатысушылар Наурыздың шығу тарихы, халықтық дәстүрлер, ұлттық тағамдар жайында өз ойларын ортаға салды.

Кездесу барысында ауылдың қадірлі әжелері де сөз алып, өздерінің бала кезіндегі Наурыз мерекесінің қалай тойланғаны туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Олар бұрын ауыл тұрғындары бір-бірінің шаңырағына барып, ақ дастарқаннан дәм татып, ақжарма тілектер айтып, үлкендерден бата алғанын айтып өтті. Сондай-ақ мерекелік дастарқанның сәні саналатын Наурыз көже туралы да әңгіме өрбіді. Әжелердің айтуынша, бұл тағам – береке мен молшылықтың белгісі екендігін білдірді. Кеш  барысында көктем мен Наурызға арналған әсем әндер орындалып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Қатысушылар ұлттық құндылықтардың маңызы туралы пікір алмасып, үлкендердің тағылымды әңгімелерінен рухани әсер алды. Сонымен қатар Қайырымдылық күні аясында игі іс те ұйымдастырылды. Балатопар ауылдық кітапханашысы С.Шолахова өз атынан ауыл тұрғыны көп балалы ана К.Зәурешке қайырымдылық көрсетіп, қамқорлық танытты.

          Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлерді құрметтеп, халқымыздың мәдени мұрасын терең түсінуіне ықпал етеді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз әр шаңыраққа ырыс-береке, амандық пен қуаныш әкелсін!

 

 

  Сауле ШОЛАХОВА, Балатопар ауылдық кітапханашысы 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «НАУРЫЗ»-ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ МЕРЕКЕСІ
  • "Stop Corruption” — путь к честному обществу!
  • Stop Corruption” — адал қоғамға бастар жол!
  • Амал келді – жыл келді
  • ШАҢЫРАҚ – ШАТТЫҚ МЕКЕНІ: ТОПАРДАҒЫ ТАНЫМДЫҚ КВЕСТ